Қазақстан тарих кафедрасы

    • ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ КАФЕДРАСЫ

      «Қазақстан тарихы» кафедрасы 2001 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.  Кафедраның қалыптасуына ат салысқан ардагер ұстаз, ғалымдар: тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының акедемигі Кеңес Нұрпейіс, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Керейхан Рахымжанұлы Аманжолов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Cерік Жайлауұлы Пралиев, философия ғылымдарының кандидаты Гүлша Танирбергенова, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ақзия Айтбайқызы Бегалиева.

      Бұл күнде кафедрада аға ұрпақтың өнегелі істерін жаңа серпінмен жалғастырып келе жатқан білікті мамандар қызмет жасайды. Қазақстан тарихы кафедрасы барлық бакалавриат білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттеріне «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнін және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында енгізілген «Ұлы дала тарихы» пәнін оқытудың негізгі мақсат, міндеттерін орындайды.

      Кафедрада студенттерді тарих ғылымына баулу мақсатында және олардың дүниетанымын кеңейтуге, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған «Менің Отаным – Қазақстан» және шетел тілі бойынша «English Bridge»  атты үйірмелер жұмыс жасайды. «Менің Отаным – Қазақстан» атты үйірме жұмысы аясында 2013-2014 оқу жылынан бастап Алматы қаласы жоғары оқу орындарының тарих емес барлық бакалавриат білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттеріне арналған зияткерлік олимпиада дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараның мақсаты – студенттердің Отан тарихына деген қызығушылығын арттырып білімін шыңдау, шығармашылыққа баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

      Сонымен қатар, кафедраның ұйымдастыруымен еліміздің тарихындағы мерейлі даталарға орай ғылыми-тәжірибелік конференцияларды үздіксіз өткізу де назарға алынған. Атап айтсақ, 2015 жылдың 24 сәуірінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығының  тарихы  мен тағлымының «Мәңгілік Ел» идеясымен  сабақтастығы»  атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, 2016 жылдың 7 желтоқсанда Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы мен әлемдік қоғамдастықтағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, 2017 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігі күніне және Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған «Алаш мұрасы және Қазақстан қоғамындағы рухани жаңғыру: сабақтастық мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіліп, конференция жинағының материалдарын оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдану жолға қойылған.

      Кафедра Түркия Республикасындағы Мимар-Синан атындағы университеті, Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті сынды жоғары оқу орындарымен халықаралық келісімшарт жасап, тығыз қарым-қатынас орнатылған. 2014 жылдың наурыз айында Түркияның Мимар-Синан атындағы университетінен тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдіуақап Қара қазақ зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты студенттерге дәріс оқуға, ұлттық тарихты зерделеу аясында ой бөлісуге шақырылды. Сондайақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институтымен, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, «Қазақ тарихы» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналының редакциясымен және сонымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарының ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыста жұмыс жасайды.

      Қазіргі таңда кафедрада 1 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 3 философия докторы (PhD), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медалінің иегері, 5 магистр дәрежесі бар білікті мамандар қызмет жасайды. Оқытушы-профессорлар құрамының 80 пайызы мемлекеттік тілде, 20 пайызы орыс, ағылшын тілдерінде дәріс, семинар сабақтарын жүргізеді.