Белгілі түлектер

• Ибраева Ажар
Хакімқызы
• Ибраева Ажар
Хакімқызы
• 1959-1962 жылдардағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры

• Мансап
Ибраева Ажар
Хакімқызы

Ажар Ыбраева 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Сергеев ауданында дүниеге келген. Қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы орта мектепті бітірген соң, 1949 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Тарих факультетіне оқуға түседі. Оқу орнын үздік бағамен тәмамдап, сол жылы коммунистік партия қатарына өтеді.

1949 жылдан 1950 жылға дейін осы институттың Марксизм-ленинизм кафедрасында ұстаздық етті. 1950–1959 жылдары Ажар Хакімқызы комсомол жұмыстарына басшылық етіп, Алматы қалалық комсомол комитеті хатшысы, Қазақстан Орталық комсомол комитетінде хатшылық қызметте істеді. 1959 – 1962 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры, 1962 – 1967 жылдары аралығында Шет тілдер институтының ректоры болып қызмет атқарды. 1967–1975 жылдары ҚазССР Жоғары және Арнаулы Орта білім министрлігінде жоғары оқу орындарын басқару бөлімінде коллегия мүшесі, 1975 жылдың қаңтарынан бастап Алматы шет тілдер институтының КПСС тарихы кафедрасына аға оқытушысы болып еңбек етті.

Ажар Ыбраева көп жылдар бойы сол кездегі саясат ағымына қарай «XX және XXІІ партия съезі аралығында жастарды тәрбиелеуде коммунистік партия басшылығы» тақырыбына ғылыми еңбек жазды. Осы жазылған еңбегінің негізінде тарих ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін ғылыми диссертация қорғады.

Оның авторлығымен 30-дан аса ғылыми еңбек пен ғылыми методикалық жұмыстар жарияланды. Ажар Хакімқызының еңбегін Кеңес және Қазақстан үкіметі жоғары бағалап, «Даңқ белгісі» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, ҚазССР Жоғары Советі мақтау қағазымен, Бүкілодақтық Ленин комсомолы Жастар Одағы сыйлығымен марапаттады. Ажар Хакімқызы екі рет Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі, Алматы қалалық, аудандық депутаттығына сайланды.

• Құнантаева Күләш
Құнантайқызы
• Құнантаева Күләш
Құнантайқызы
• 1968-1984 жылдардағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры

• Мансап
Құнантаева Күләш
Құнантайқызы

Күләш Құнантаева 1931 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының Филология факультетін үздік бағамен бітірген. Еңбек жолын Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Октябрь орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 1954-1956 жылдары Алматы қаласындағы Ленин аудандық комсомол комитетінің мектеп бөлімінің басшысы, 1956-1959 жылдары Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы, 1959-1964 жылдары Қазақ КСР-і ЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы, Қазақстан Пионер ұйымы кеңесінің төрағасы, 1964-1967 жылдары Қазақ КСР-і жоғары және орта арнаулы білім министрінің орынбасары, 1967-1968 жылдары Алматы шетел тілдері институтының оқу ісі жөніндегі проректоры сынды қызметтерді абыроймен атқарды.

К. Құнантаева 1968 жылы өзі білім алған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметіне тағайындалады. 16 жыл бірегей білім ұясына басшылық жасаған Күләш Құнантаева осы жылдары аралығында оқу орны жаңа деңгейге көтерілді. Сол кезеңде заман талабына сай оқу ғимараттары мен үш жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1200 адамды бір мезгілде тамақтандыратын асхана, кітапхана мен спорт кешендері іске қосылды. Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, ол баспанасыз жүрген институт қызметкерлері мен мұғалімдеріне берілді. Осы уақыт кезеңінде Қыздар институтының оқу және ғылыми жұмыстарының материалдық базасы уақыт ағымына сай жаңартылып, жаңадан 12 зертхана ашылды. Олар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталып, студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуына мол мүмкіндік туды. Осыған орай оқу орнына білікті мамандар да шақырылды.

К. Құнантаева институтқа басшылық еткен жылдары студенттер контингенті 3600-дан 6200-ге жетті. Сондай-ақ факультеттер саны 4-тен 6-ға, кафедралар саны 19-дан 28-ге артты. Студенттерге арналған медициналық орталық және мұғалімдер мен қызметкерлерге арналған Қапшағай су қоймасының жанынан демалыс орны ашылып жұмыс істей бастағаны да осы уақытта.

Күләш Құнантаеваның тікелей ықпалымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі құрылды. Қазақ эстрадасында ең алғаш қыздардан құралған топ – «Айгүл» аз уақыттың ішінде әсем әндерімен, музыкалық жоғары талғамымен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында ансамбль әлемнің 10-нан астам елінің сахнасында қазақ әндерін орындап, ұлт өнерінің дамуына зор үлес қосты. Шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды.

Ғалым-ұстаз 1984-1997 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Мектепке дейінгі педагогика және педагогика кафедрасының профессоры, Жалпы педагогика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол 1975-1985 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ІХ және Х шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

Күләш Құнантаева – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының және ҚР Педагогика ғылым академиясының Құрметті академигі, Ресей білім беру академиясының шетелдік мүшесі, Грузия білім беру ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Ғалым-педагог 1966 жылы «Некоторые внеучебные трудовые и образовательные объединения учащихся Казахстана» тақырыбында кандидаттық және 1981 жылы «Развитие  женского образования в Казахстане (1920 – 1975)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның әйелдер білімінің дамуы және Қазақстанда білім беруді дамыту туралы 400-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Оның ішіндегі оқу құралдары мен оқулықтар және монографиялар бар. Күләш Құнантаеваның жетекшілігімен 24 ғылым кандидаты мен докторы дайындалды. Қазіргі күнде де «Құнантаеваның ғылыми мектебі» сабақтастығы сақталған.

К. Құнантаева ғылыми-педагогикалық қызметі, ғылым мен білімді дамытудағы және кадр даярлаудағы ерен еңбегі үшін көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» сынды орден-медальдар, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «КСРО Жоғары мектебінің үздігі», «Жыл адамы», «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атақтары мен Құрмет грамоталары бар.

Күләш Құнантайқызы Құнантаева – Қазақстан әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы. Ол – отандық педагогика ғылымының дамуына іргелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, еліміздің жоғары білім беру саласының дамуында өз қолтаңбасын қалыптастырған қайраткер.

• Елемесова Жәмилә
Тоқтарбекқызы
• Елемесова Жәмилә
Тоқтарбекқызы
• 1984-1989 жылдардағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры

• Мансап
Елемесова Жәмилә
Тоқтарбекқызы

Жәмилә Елемесова 1939 жылғы 8 наурызда қазіргі Алматы облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған Жәмилә Тоқтарбекқызы 1957 жылы 8 жылдық мектепті бітірісімен Қызылорда қаласындағы М. Мәметова атындағы педагогика училищесінде оқыды.

Еңбек жолын 1961 жылы бұрынғы Талдықорған облысының Көксу станциясында бастауыш мектептің мұғалімі болудан бастады. Ж. Елемесова 1964 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік кезінде институттың комсомолдық, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. 1968 жылы оқуын үздік бітіріп, институттың комсомол комитетінің хатшысы әрі Педагогика-психология кафедрасында ұстаздық қызмет атқарды. 1978 жылы педагогика ғылымының кандидаттық атағын алу үшін диссертация қорғап, доценттік лауазымға ие болды.

1978 – 1984 жылдары аралығында Алматы қаласының № 1 мектепке дейінгі білім беру училищесінің, № 2 бастауыш класс педагогика маман кадрларын дайындайтын училищесінің директоры болып қызмет атқарды. Осы кезеңдерде білікті маман ретінде оқу орындарына арналған көптеген оқу құралдарын, орта арнаулы білім беру мектептеріне арнап методикалық-әдістемеліктер дайындады. Мектепке дейінгі балабақша, бастауыш және арнайы мектептердің оқу орындары проблемасына байланысты тиісті оқу-құралдарын, методикалық-әдістемеліктер, педагогика жайында, мектепте үздіксіз педагогикалық тәжірибе жұмысын жүргізуге арналған дидактикалық материалдарды дайындады.

1984–1989 жылдары Жәмилә Елемесова Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып қызмет атқарады.

1984 жылы Ғылыми кітапхана ғимараты мен оқу залдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1987 жылы Музыка-педагогика факультетінің жанынан хореограф мамандарын дайындайтын мамандық ашылды.

1988 жылы Жәмилә Елемесованың ұйытқы болуымен қазақтың ұлттық музыка өнеріндегі қазақ халқының әндері мен күйлерін, ұлттық көне аспаптарды насихаттау, көрсету мақсатында «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылды.

Ж. Елемесова – «Қазақ тілін үйренушілерге көмек», «Обучение русскому языку в национальной школе» сынды көптеген оқу құралдарының авторы. Ол оқу-ағарту саласында атқарған еңбектері үшін ҚР Орталық Комсомол Комитетінің мақтау грамоталарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі мақтау грамотасымен және «Еңбек ардагері» медалімен және ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет»  грамотасымен марапатталды.

• Беркімбаева Шәмша
Көпбайқызы
• Беркімбаева Шәмша
Көпбайқызы
• 2003-2011 жылдардағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры

• Мансап
Беркімбаева Шәмша
Көпбайқызы

Шәмша Беркімбаева 1942 жылғы 10 қазанда Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін, 1984 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірді. Еңбек жолын 1966 жылы Алматы облысындағы Киров атындағы сегіз жылдық мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастаған. 1968-1970 жылдары Алматы кооператив техникумының комсомол комитетінің хатшысы, 1970-1971 жылдары Алматы облыстық комсомол комитетінің бөлім басшысы, 1971-1977 жылдары Қаскелең аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1977-1987 жылдары Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.

Қайраткер-ғалым 1987-1989 жылдары Алматы қаласындағы №12 орта мектебінің директоры, 1989-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары, 1997-1999 жылдары Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық Оқу басқармасының басшысы лауазымдарында жұмыс істеді.

Шәмша Беркімбаева Парламент Сенатының депутаты ретінде жоғары заң шығарушы орган жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуге көшудің бірден-бір бастамашысы болды. Бірте-бірте бұл үрдіс қалыптасты. Барлық депутаттар мемлекеттік тілде сұрақтар қойып, депутаттық сауалдар жасай бастады.

Ал Шәмша Беркімбаева Білім және ғылым министрі қызметін «Ауыл мектебі» бағдарламасын жүзеге асырудан бастады. «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, сол мерзімде ауылда 226 мектеп салынды, жүздеген мектептер күрделі жөндеуден өткізі­ліп, химия, физика кабинеттері қайта жабдықтал­ды. Шындығында 2002 жылы ауыл мектебі республика мектептерінің 77 пайызын құраса, оның 65 пайызы ша­ғын комплектілі мектептер еді. Ш. Көпбайқызы ауыл мектебінің əлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен қатар, оқу сапасын да көтерді, мұғалімдердің білім дəрежесіне алаңдаушылық тудырып, біршама игі шараларды іске асыруға мұрындық болды. Ауыл мектептерінде қызмет етіп жүрген мұғалімдер сол жердің рухани тірегі болғандықтан, мектеп мұғалімдерінің білім сапасының көтерілуіне ерекше ден қойды. Қазақ тілі мен əдебиеті пəнінен сабақ беретін ауыл мұғалімдерінің 18,4 пайызы сол кезде басқа мамандық иелері екен. Осыған байланысты кадр мəселесі де бірте-бірте министрлік тарапынан қадағаланып шешілген еді. Сонымен қатар еліміздегі мектеп ғимараттары жөнделіп, жаңа құралдармен жабдықталды, жабылып қалған интернаттар қайта ашылып, мектептерде мұражайлар жұмыс істей бастады.

Шәмша Беркімбаева 2003-2011 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды. Ол басқарған жылдары оқу орны бір сатыға көтеріліп, университет мәртебесін алды. Сонымен қатар Ш. Көпбайқызы оқу процесіне жетекшілік етумен қатар, əкімшілік-шаруашылық жұмыстарының, тəлім-тəрбие істерінің жаңаша жаңғыруына атсалысты. Сол кезде де ауыл мектебінен келген жастарды университетке көбірек тартты.

Сол жылдары университетте заманауи үлгідегі 9 қабатты 450 орындық «Студенттер үйі» салынып, оқу ғимараттары, жатақханалар мен асханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бакалавриат мамандықтарының саны артып, магистратура ашылды. Оқу зертханалары жаңа құралдармен, жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілді.

Шәмша Көпбайқызы білімді жастарды имандылыққа тəрбиелеу, университетті бүгінгі күн талабына сай материалдық жəне рухани игіліктермен қамтамасыз етуді көздеді. Осы мақсатта жастардың білімін жетілдіріп отыруға жетелейтін атаулы стипендиялар тағайындалды. Бүгінгі күнде Шәмша Беркімаеваның елеулі еңбегі ел қазынасына айналып, бірегей білім ұясында атқарған ұстаздық һәм басқарушылық қызметі көпке үлгі болып отыр.

Шәмша Беркімбаева Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 10 шақырылымының депутаты, Қазақстан Компартиясының XV-XVI съездерінің делегаты, «Hұp Отан» партиясы Саяси кеңесінің және ҚР Ұлттык Кеңесінің мүшесі болды.

Ел дамуы жолындағы қажырлы қызметі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Үздік қызметі үшін», Ы. Алтынсарин атындағы және А. Байтұрсынов атындағы медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ш. Беркімбаева – Халықаралық педагогикалық Білім академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерінің иегері.

Халқымыздың біртуар перзенті, ақын Фариза Оңғарсынова Шәмша Көпбайқызы жайлы «Қыз-ғұмыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай», – деп жазған болатын. Расында да, Шəмша Беркімбаева – болмысы бөлек, бітімі ерек, дара мінезді, жүрегі қазақ деп соққан ұлтымыздың санаулы қыздарының бірі де бірегейі.

• Бәдеш Хамзақызы
• Бәдеш Хамзақызы
• «Алматыда көшесі бар Гогольдің» өлеңінің басты кейіпкері

• Мансап
Бәдеш Хамзақызы

Бәдеш Хамзақызы 1928 жылы Қостанай облысының Затабол ауданында дүниеге келген. 1947 жылы Алматы облысындағы Түрген педагогикалық училищесін, 1952 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Тіл-әдебиет факультетін үздік бағамен бітірген.

Оқу орнын аяқтаған соң ұзақ жылдар бойы орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен сабақ берді. 1952 – 1957 жылдары аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясында кіші Ғылыми қызметкер, 1967 – 1970 жылдары аралығында ҚазКСР Министрлер Кеңесінің баспаларындағы мемлекеттік құпияны қорғау басқармасының қызметкері болып еңбек етті.

Бәдеш Хамзақызы Халық ақыны Ғабу Қайырбековтің «Алматыда көшесі бар Гогольдің» және «Қаракөз қыздар» атты өлеңдерінің басты кейіпкері.

• Нұршайықова Халима
Қалиәкпарқызы
• Нұршайықова Халима
Қалиәкпарқызы
• «Махаббат, қызық мол жылдар» романының басты кейіпкері

• Мансап
Нұршайықова Халима
Қалиәкпарқызы

Халима Қалиәкпарқызы Нұршайықова (Өзбақанова) 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Жүрекадыр ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектепте мұғалім болып бастаған. Сонымен қатар Х. Қалиәкпарқызы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан даласында 581–ші байланыс батальонының қарамағындағы 12 әуе әскерлері армиясының үздік радисткасы болған.

Ол Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың өмірлік музасы болған жұбайы. Қаламгердің атақты «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен  «Мәңгілік махаббат жыры» прозалық поэмасы Халима Нұршайықоваға арналған.

• Махатова Рыскүл
• Махатова Рыскүл
• «Социалистік Еңбек Ері» атағының иегері

• Мансап
Махатова Рыскүл

Рыскүл Махатова 1921 жылы бұрынғы Шымкент облысына қарасты Келес ауданында дүниеге келген. 1939 жылдан «15 лет Казахстан» колхозында мақта өсіруші болып еңбек етеді. 1941 жылы 4 адамнан тұрған мақташылар тобының звеношысы болады. 1945 жылы 111,5 центнерге дейін мақта өндіріп, осы еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталады. 1948 жылы оның мақта өсіру тәжірибесі туралы кітабы шығады.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Қазақстан Коммунистік партиясының І хатшысы Ж. Шаяхметов Социалистік Еңбек Ері, мақтадан әлемдік рекордшы Рыскүл Мақатованы оқытуға институт ректоры Тұрсын Мырзабековаға ұсыныс жасаған.

1955 жылы Р. Мақатова Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Тарих факультетін бітіреді.

Туған жеріне оралған соң, өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқарып, мектеп директорына дейін көтеріледі.

Соғыс жылдары мақта теріп, жан кешті еңбек етіп, әлемде рекорд жасаған Рыскүл Мақатова туралы қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров «Келес қызы» повесін жазған. Сонымен қатар Рыскүл Мақатова «Оңтүстікте ақ мақта» әнінің басты кейіпкері.

Ол 2 мәрте Ленин орденімен және «Орақ пен Балға» алтын медалімен марапатталған. Р. Мақатоваға 1948 «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.

• Күленова Жаухар
Сафинқызы
• Күленова Жаухар
Сафинқызы
• Институттың алғашқы түлектерінің бірі, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты

• Мансап
Күленова Жаухар
Сафинқызы

Жаухар Күленова 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1945 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Тарих факультетіне түседі. Оқу орнын 1949 жылы үздік бағамен бітірген.

Жаухар Сафинқызы 1949 – 1952 жылдары аралығында ҚазССР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының аспиранты, ал 1951 – 1955 жылдары аралығында ҚазССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып еңбек етеді.

1952 – 1959 жылдары ҚазССР Ғылым Академиясының сирек жазбалар секторының қызметкері, 1959 – 1984 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы болып еңбек етеді.

Жаухар Күленова «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

• Нұртазина Рафиқа
Бекенқызы
• Нұртазина Рафиқа
Бекенқызы
• «Социалистік Еңбек Ері» атағының иегері

• Мансап
Нұртазина Рафиқа
Бекенқызы

Рафиқа Нұртазина 1921 жылғы 8 наурызда Павлодар облысында дүниеге келген. 1949 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетіне түсіп, оқу орнын 1951 жылы үздік бағамен бітірген.

1951 – 1971 жылдары аралығында Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі және директоры болып еңбек етті.

Рафиқа Бекенқызы 1973 – 1978 жылдары Қазақстан педагогикалық қауымдастығы Республикалық кеңесі президиумының төрайымы болып сайланып, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиетін оқыту бағдарламасын әзірлеуге қатысты.

Ол – педагогика ғылымдарының кандидаты. 300-ден аса ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы, оның ішінде 15 кітап пен оқулығы орта мектептерге арналған.

Р. Нұртазина Қазақстанның халық ағарту жүйесінің озаты, көрнекті ғалым, жаңашыл-педагог, қоғам қайраткері.

Білікті ұстаз, талантты ғалым «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалімі», «Социалистік Еңбек Ері», «Алматы қаласының құрметті азаматы» атақтарының иегері. Сонымен қатар «Ленин» орденімен, «Орақ пен балға» Алтын медалімен, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының, оқу-ағарту Министрлігі мен КСРО ПҒА-ның «Құрмет грамоталарымен», Қазақ КСР Білім Министрлігінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.

Рафиқа Нұртазина шын мәнінде «ұстаздардың ұстазы» болды. Өзінің сүйікті ісіне 60 жылға жуық өмірін арнады. Оның шәкірттері ондаған мыңнан асады. Бүгінде олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр.

• Асанғазы Оразкүл
Асанғазықызы
• Асанғазы Оразкүл
Асанғазықызы
• Қоғам қайраткері

• Мансап
Асанғазы Оразкүл
Асанғазықызы

Оразкүл Асанғазы 1952 жылғы 22 ақпанда Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. 1973 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Физика-математика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1973 жылы Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы) Сарыағаш аудандық Жамбыл атындағы орта мектебінің мұғалімі болып бастаған. 1979-1982 жылдары Сарыағаш ауданындағы К. Маркс атындағы орта мектептің директоры, 1982-1985 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы №10 мектеп-интернаттың директоры, 1985-1988 жылдары Алғабас аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, 1988-1990 жылдары Алғабас аудандық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрайымы, 1990-1992 жылдары Шымкент облыстық Халық депутаттары кеңесі идеология бөлімінің меңгерушісі, тіл, мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің басшысы, 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының әкімі, 1993-1995 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, 1995 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995-1996 жылдары Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі, 1997-1998 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, 1998-2006 жылдары Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, 2006-2012 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2012 жылғы 20 қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып істеді.

Оразкүл Асанғазы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тұрған уақытта елордадағы 700 нысанның аты қазақшаға ауыстырылды. Ел астанасындағы «бөгде атаулы» нысандар ғана емес, ескі атаулы көшелер де жаңа атқа ие болды. Негізі, бұл да алғаш Елбасы астананы ауыстырарда көтерілген мәселе екен. Астана Сарыарқаға көшпей тұрып, Целиноградты аралаған Нұрсұлтан Назарбаев «мына көшелердің аты бұрыннан қалған атаулар ғой, бұлай болмайды, ауыстыру керек» депті. Бастапқыда 27 көшенің аты жаңаланыпты. Бірақ, кейін бұл үрдіс аяқсыз қалған. 2006 жылы Қалалық тілдерді дамыту басқармасына барған соң, Оразкүл Асанғазының ықпалымен барлық ескілі-жаңалы, енді салынатын көшелер тізімделіп, жаңа атаулар беріледі.

«Қазақтың қайсар қызы» деп ат қойып, айдар таққан Оразкүл Асанғазыны көпшілік қауым ұлттың ұлылығын ұлықтап, мемлекеттік идеологияны негіздеудің соны үлгісін көрсетіп жүрген азамат ретінде бағалайды. Себебі ол саналы ғұмырының мазмұнды кезеңдерін, өнегелі өмірінің парасатқа толы беттерін жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық дәстүрді сақтаудағы қазақ тілінің рөлін арттыруға, отбасының ұйытқысы – әйелдің қоғамдағы орнын анықтауға арнады. Азат елдің айбынына айналған елордадағы көшелердің қазақи тамаша атаулармен аталуына оның қосқан үлесі орасан зор.

Оразкүл Асанғазы Парламент қабырғасында да тіл, діл, дін, руханият салаларындағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, олардың оңтайлы шешім табуына ықпал етті. Оның «Керегем саған айтамын» кітабында  мемлекеттік тіл саясаты, оның қолдану аясын кеңейту, жас ұрпақты тәрбиелеу мен ұлттық дәстүрді сақтаудағы тілдің рөлі, отбасының, әйелдің қоғамдағы орны кеңінен баяндалған. Сонымен қатар О. Асанғазықызы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңына және «Әкімшілік құқық бұзулар туралы» Кодексіне  өзгертулер енгізу мәселесі туралы 53 мақаланың авторы.

Оразкүл Асанғазы «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі», «Тіл жанашыры» белгілерімен және алғыс хаттармен марапатталған. Ол Түркістан облысының, Сарыағаш, Бәйдібек аудандарының және Жамбыл облысының Шу ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет қайраткері.

Тәлімді ұстаз, білікті басшы ретінде Оразкүл Асанғазы бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде білікті де білімді педагог кадрлар даярлауда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Мектеп мұғалімдігінен басталған еңбек жолы бен бүгінгі жеткен биік белесі шәкірттері  мен өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Қазақтың қайраткер қызының саналы ғұмыры – жай жылдар жиынтығы емес, ізденіс пен еңбектің, талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды.

Оразкүл Асанғазықызының «Алты алашқа аты жайылып, ескі мен жаңа заманның алтын көпірі болған атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Түрік тілі­нің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деген қасиетті сөзі бар. Осын­дай гауһар тілімізді өз дәре­же­сінде пайдалана алмауымызға кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер етсе, ал дәл қазір қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет. Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отырады және барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген. Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санымыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт», – деген пайымы көзі ашық зерделі жан үшін шамшырақ іспеттес екендігі белгілі.

• Жадрина Мақпал Жұмабайқызы
• Жадрина Мақпал Жұмабайқызы
• Профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі

• Мансап
Жадрина Мақпал Жұмабайқызы

Жадрина Мақпал Жұмабайқызы 1951 жылы 19 қарашада Алматы облысы Жамбыл ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келген.

• 1974 жылы Қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне түсіп, «химия-биология» пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
• 1982 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Медицина ғылымдары академиясының Халықаралық қатынастар институтының ҒЗИ-дың «Химияны оқыту әдістемесі» мамандығына аспирантураға түсіп, 1985 жылы «Химияны оқытуда студенттердің пәндік дағдыларын дамыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады,
• 2000 жылы Ядрина М.Ж. «Жалпы педагогика» мамандығы бойынша «Вариативті білім беру мазмұнын құрудың дидактикалық негіздері» тақырыбында диссертация  қорғап,педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды;
• 2003 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестаттау комитетінің шешімімен «Педагогика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

Еңбек жолы:

• Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үңгіртас орта мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі;
• 1979 жылы Алматы қаласындағы Орталық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында әдіскер;
• 1980 жылы КСРО Педагогика ғылымдары академиясының Мазмұндау және оқыту әдістемесі ғылыми-зерттеу институтының қазақ тілді филиалында ғылыми қызметкер;
• 1988-1992 жылдары «Ұлттық мектепте білім беру мазмұнын болжау» зертханасының меңгерушісі;
• 1992 жылдан бастап, Ы. Алтынсарина атындағы Қазақ білім мәселелері институтының  «Педагогика теориясы» зертханасында  меңгеруші, орта білім беру институты директорының орынбасары;
• 2001 жылдың қыркүйегінен бастап, институтының вице-президенті болып тағайындалды. (осы қызметте 2006 жылға дейін қызмет атқарды)
• 2001-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Сорос – Қазақстан қорының «Өзгермелі әлемде жалпы орта білім берудің ұлттық стандартын әзірлеу» бірлескен жобасының талдау тобын басқарды;
• 2003 жылы Азия Даму Банкінің «Білім саласын дамыту стратегиясын әзірлеу» жобасында ҚР базалық білім берудегі педагогикалық реформалар тобында жергілікті кеңесші болып жұмыс істеді;
• БҰҰДБ-ның «2004 жылға арналған адам дамуының ұлттық есебін» дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болды;
• 2007 жылы Сорос – Қазақстан қорының «Білім сапасы: Қазақстан халықаралық перспективада» жобасының жұмыс тобын басқарды;
• 2009 жылы Мақпал Жұмабайқызы қайтадан Ұлттық білім академиясының вице-президенті болып тағайындалды;
• 2010 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Алматы қаласы бойынша білім беру саясаты және бағдарламалар басқармасының аға менеджері қызметіне шақырылып, осы қызметте 2013 жылға дейін жұмыс істеді;
• 2013 жылы шілде айында Астана қаласы «Назарбаев Зияткерлік мектептері»,«Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылды;
•  2014 жылы Назарбаев Университетінің «Қазіргі заманғы реформалар жағдайында Қазақстандағы орта білім беру мазмұнын жетілдіру» жобасының жұмыс тобының мүшесі болды;
• 2014 жылдан бастап Қазақстандық Білім беруді зерттеу қауымдастығының мүшесі болды;

Марапаттары:

• 1993 жылы  Ы. Алтынсарин атындағы медальмен
• 1998 жылы  Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі
• 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен;
• 2004 жылы  «Құрмет» орденімен;
• 2014 жылы  «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды.

Ғылыми еңбектері:

• 40 жылға жуық жеке пәнді оқыту әдістемесі;
• 180-нен астам ғылыми жарияланымы;
• 5 монография;
• 2 Мемлекеттік білім стандарты;
• 11-ден астам оқу құралы;
• 10 брошюра;
• 10 оқулық;
• 100-ден астам мақала авторы;

СЕМИНАРЛАРЫ:

• 1999-2000 жылдар аралығында Сорос – Қазақстан Қоры ұйымдастырған «Оқулықтарды әзірлеуге және басып шығаруға ұжымдық көзқарас»,«Мектеп оқулықтарын жобалау» және «Білім беру саясаты саласындағы қолданбалы зерттеулердің әдістемесі» атты семинары;
• 2003 жылы Филиппинде өткен UN-HABITAT және АДБ ұйымдастырған су білімі бойынша аймақтық семинары;
• 2005 жылы Румынияда өткен  «Білім 2000+» орталығы ұйымдастырған «Оқу бағдарламаларын әзірлеудегі ағымдағы және болашақ міндеттер: үлгі және өзгерістер үшін ынтымақтастық» және «Білім берудің оқу бағдарламаларын әзірлеу» атты халықаралық семинарлары;
• 2005 жылы  Беларусияда өткен ТМД елдері үшін жалпы орта білім беру мазмұнын дамыту бойынша аймақтық семинары;
• Асылы Осман
Әлиқызы
• Асылы Осман
Әлиқызы
• Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

• Мансап
Асылы Осман
Әлиқызы

Асылы Осман 1941 жылғы 13 шілдеде Грузияның Ахалкалак ауданына қарасты Хавет ауылында дүниеге келген.

1944 жылғы қараша айында оның отбасы қуғын-сүргінге ұшырап, Шымкент облысының (қазіргі Түркістан облысы) Түлкібас ауданына жер аударылады. 1957 жылы Түлкібас ауданындағы Жаңаталап жетіжылдық мектебін, 1961 жылы Түркістан педагогикалық училищесін, 1967 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін бітірді. Еңбек жолын 1961 жылы Жаңаталап мектебінде мұғалім болып бастаған.

Педагогикалық институтты үздік бітірген соң осы оқу орнының Қазақ тілі кафедрасында ассистент болып қызмет атқарады. 1969-1973 жылдары аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасында оқып, білімін тереңдетеді. 1973 жылғы мамыр айында Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ахмеди Ысқақовтың жетекшілігімен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.

1973-1981 жылдары аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, 1981-1991 жылдары аралығында аталған институттың аға ғылыми қызметкері, жетекші ғылыми қызметкері, 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін дамыту бөлімінің бастығы, 1996 жылдан Ұлт саясаты жөніндегі комитеттің Мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жөніндегі Бас басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.

Асылы Осман есімі көзіқарақты көпшілікке кеңінен таныс. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесінің артуына, ұлттық мұраларымызды ұлықтау жолында қажырлы қызмет атқарып жүрген жанның бірі де бірегейі. Оның авторлығымен қазақ тілі жөнінде, тәуелсіздік турасында көптеген ғылыми кітаптар мен еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда, оның авторлығымен 1991 жылы «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі» атты монография, 1994 жылы «Қазақша-түрікше-орысша тілашар», 2011 жылы «Қазағым барда мен бармын», 2012 жылы «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» кітаптары  жарық көрді. Сондай-ақ ол 1974-1986 жылдары шыққан  он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі. А. Әлиқызы әртүрлі өзекті тақырыптарды қаузаған 400-ден астам ғылыми мақаланың авторы.

Асылы Осман өзі өскен-өнген елдің тілін, ділін, салты мен дәстүрін  насихаттаудан танбай келеді. Тіл саясатының мәні мен маңызын көпшілікке ұғындырып жүрген мемлекетшіл тұлға. Ол қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен мәртебесін көтеру, оны қоғамның барлық саласында белсенді түрде қолдану мәселесін көтеріп келеді. Тіл жанашыры 1998 жылдан бері Алматы облыстық әзірбайжан этномәдени орталығы мен «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.

А. Осман – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол «Достық», «Парасат», «Бауыржан Момышұлы» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Мәдениет қайраткері», Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік», «Батыр шапағаты», «Сауап», «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медальдарымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тіл жанашыры», «Ұлт жанашыры», «Ана тілі», «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» белгілерінің иегері.

Алматы қаласының және Түркістан облысының Түлкібас ауданының «Құрметті азаматы».

• Ұзақбаева Сақыпжамал
Асқарқызы
• Ұзақбаева Сақыпжамал
Асқарқызы
• Ғалым

• Мансап
Ұзақбаева Сақыпжамал
Асқарқызы

Сақыпжамал Ұзақбаева 1949 жылғы 16 қазанда Шығыс Қазақстан облысының Аякөз қаласында дүниеге келген. 1966 жылы № 244 қазақ орта мектебін, 1968 жылы педагогикалық курсты бітіреді. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка-педагогика факультетін «Жалпы білім беретін мектеп пен педагогикалық училищенің музыка пәні мұғалімі» мамандығын үздік бағамен тәмәмдайды.

Оқу орнын аяқтаған соң Білім министрлігінің жолдамасымен өзі білім алған педагогикалық институтта оқытушылық қызметке қалдырылады. 1976-1981 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Педагогика кафедрасында стажер-зерттеуші болып қызметке орналасып, кейіннен аталған оқу орнының аспирантурасына түседі. Аспирантураны бітірген соң педагогика ғылымдарының докторы, профессор Григорий Умановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1982-1986 жылдары Музыка-педагогика факультетінің Хорды дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. 1986 жылдың қазан айынан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Педагогика кафедрасында доцент қызметін атқара жүріп «Қазақ халық педагогикасындағы эстетикалық тәрбие» тақырыбына докторлық диссертациясын жазады. Оны 1993 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләш Құнантаеваның кеңесшілігімен сәтті қорғайды. Ал 1994 жылы ҚР ЖАК-ның шешімімен профессор ғылыми атағы беріледі.

Сақыпжамал Ұзақбаева 2001-2008 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры, 2008-2013 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Педагогика және психология кафедрасының профессоры, 2013 жылдан бастап аталған кафедраның меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Ғалым педагогика ғылымы мен білімін ұйымдастыру ісі мен отандық ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйесінде жауапты қызметтерді атқаруда. Атап айтқанда, ол 1993-1995 жылдары ҚР Министрлер кабинеті жанындағы жоғары аттестациялық комиссия құрамындағы педагогика және психология ғылымдары бойынша ұйымдастырылған сарапшылық Кеңестің ғылыми хатшысы, 1995-2001 жылдары ҚР Жоғары Аттестациялық Комиссиясының бұйрығымен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіндегі педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық Кеңестің төрайымы, Кеңестің ғалым хатшысы, 2016-2018 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жаңа бағытта ашылған  «6D011900 – Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беретін диссертациялық Кеңестің мүшесі, 2018 жылдан Кеңес төрайымының орынбасары болып қызмет атқарады.

Сақыпжамал Асқарқызы – Қазақстандағы этнопедагогика ғылымының бір бағытының авторы. Ол аталған ғылым саласының теориясы мен практикасының дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырды және ғылыми мектебін қалыптастырды.Сақыпжамал Ұзақбаева 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Олардың қатарында монографиялар, оқу, оқу-әдістемелік құралдар, ғылыми мақалалар бар. «Өміршең өнер өрісі», «Тамыры терең тәрбие»,  «Қазақ халық педагогикасы», «Педагогика высшей школы», «Қазақ этнопедагогикасы: тәлімдік тағылымдар», «Казахские народные детские игры» атты оқу құралдары мен «Музыка в школе», «Ұлт өнерін өрнектеген» тақырыбындағы монографиялары және «Молодому исследователю», «Педагогическая практика в профессиональной подготовке будущего учителя», «Тәрбие өнері» оқу-әдістемелік құралдары білім беру жүйесіне ендірілген.

С. Ұзақбаева – аты аңызға айналған «Айгүл» ансамблінің негізін қалағандардың бірі. Ол Қыздар университетінің жанынан ашылған жартығасырлық тарихы бар ансамбль құрамында 10 жылдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп, Германия, Югославия, Польша, Франция, Жапония, Египет, Моңғолия сынды мемлекеттерге гастрольдік сапармен барды.

Ғылыми-педагогикалық қызметі мен ғылымды дамытудағы еңбегі үшін С. Асқарқызы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» белгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне 70 жыл» Құрмет белгісімен, «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған. Ол Ресей халықаралық педагогика ғылымдары академиясының және Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері. Кәсіби біліктілік, рухани жомарттық, қарапайымдылық пен әділеттілік ғалым-ұстаз Сақыпжамал Ұзақбаеваның өмірлік қағидасы, басты ұстанымы.

• Кәрімова Бейбіткүл
Сарсемхамқызы
• Кәрімова Бейбіткүл
Сарсемхамқызы
• ғалым, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры

• Мансап
Кәрімова Бейбіткүл
Сарсемхамқызы

Бейбіткүл Кәрімова 1972 жылғы 2 тамызда Алматы облысының Кеген ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Нарынқол ауданы Қарасай ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіреді. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтаған.

Еңбек жолын 1995 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты Филология факультеті деканының орынбасары, Орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы қызметінен бастаған. Институт алғашқылардың бірі болып кредиттік жүйеге көшкен уақытта жас маман факультет бойынша оқытудың кредиттік жүйесіне негізделген оқу жоспарларын жасауға атсалысты. Б. Кәрімова өзінің іскерлігінің арқасында үнемі алдыңғы қатардан көрініп, институт ішіндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Осы жылдарда «Ең үздік деканның орынбасары» атағына ие болды. Салалық министрлік тарапынан құрылған аттестациялық комиссияларға мүше болды.

2003-2008 жылдары Алматы үздіксіз білім беру университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 2008-2011 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінің директоры, 2011-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 2020 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры қызметінде. Бейбіткүл Сарсемханқызы басшылық жасаған жылдары ҚазҰУ-дың колледжінің жұмысы жан-жақты жанданды. Ол оқу процесін дамытумен қатар, тәрбие жұмысын да басты назарға алды. Мысалы, «Интеллектуалды секіріс: жастар, ғылым және инновация» атты жыл сайынғы  университет конференцияларында Бейбіткүл Сарсемханқызының жетекшілігмен орындалған ғылыми жобаларда  студенттер жоғары дәрежелі диплом және грамоталармен марапатталды. Колледж студенттері университеттің 14 факультеті арасында өтетін Студенттік фестивальға, мемлекеттік колледждер арасындағы сайыстарда үнемі жеңіске жетіп жүрді. Бейбіткүл Кәрімованың қажырлы еңбегі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында «Оқулық» орталығы Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басым міндеттерін жүзеге асыруға елеулі үлес қосты. Бейбіткүл Сарсемханқызы –  іскер басшы ғана емес, сондай-ақ тіл білімінің өзекті мәселелерін зерттеумен айналысып жүрген білікті ғалымның бірі де. Ол тіл білімі, салыстырмалы грамматика, заманауи қазақстандық саясаткердің тілдік тұлғасы мәселелері, оқулықтану саласы бойынша бірқатар зерттеулер жүргізді. Оның авторлығымен 80-нен астам ғылыми еңбек жарық көрді. Соның ішінде 2 монография, 16 оқулық пен оқу құралы, 4 сөздік және 20-ға жуық мақала шықты. Аталған еңбектердің арасынан  «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Қазіргі орыс тілі», «Практикалық орыс тілі» оқулықтары мен «Қазіргі қоғамдық-саяси терминдер» сөздігін ерекше атап өтуге болады.

Бейбіткүл Кәрімова 2006 жылы «Қазіргі саясаткердің тілдік тұлғасы (Қазақстандағы орыс тілді публицистика материалдары негізінде)» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атағына ие болды.

Бейбіткүл Сәрсемханқызы «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығын басқарған жылдары отандық оқулықтану саласына елеулі үлес қосып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге сараптама жүргізудің теориялық-әдіснамалық  негіздерін жасауға атсалысты. Оның жетекшілігімен «Мектеп оқулығы: қазіргі жағдайы мен дамуы» ұжымдық монографиясы, «Оқулықтану бойынша анықтамалық-сөздік», «Оқулық: жобалау және сараптау»,  «Әлемдік оқу басылымдары: негізгі тенденциялар», «Оқулық инновациялық білім беру ортасы жағдайында: жаңа талаптар», «Мектеп оқулығы моделінің тұжырымдамалық негіздері» сынды 40-тан аса ғылыми еңбек, соның ішінде бірнеше жоғары импакт-факторлы мақалалар жарық көрді.

Көпжылдық қызметі мен білім саласына қосқан үлесі салалық министрлік тарапынан жоғары бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальдарымен және  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

• Бақтыгереева Ақұштап
Бақтыгерейқызы
• Бақтыгереева Ақұштап
Бақтыгерейқызы
• ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

• Мансап
Бақтыгереева Ақұштап
Бақтыгерейқызы

Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылғы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында дүниеге келген. Қазақтың «жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын қызы. А. Бақтыгерейқызы 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін (қазіргі Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті)  бітірген. Еңбек жолын 1966 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде әдеби қызметкері болып бастады. 1966-1971 жылдары аралығында Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971-1972 жылдары аралығында «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972-1975 жылдары аралығында «Жұлдыз» журналында әдеби қызметке, 1975-1981 жылдары аралығында «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор қызметтерін атқарған. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры.

А. Бақтыгерейқызының «Өрімтал» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. 1969 жылы «Наз», 1971 жылы «Қанышым – іңкәрім», 1973 жылы «Сені ойлаймын», 1975 жылы «Ақ қанат», 1978 жылы «Бақыт әні», 1980 жылы «Жайық қызы», 1981 жылы «Белокрылая», 1985 жылы «Ақжелең», 1990 жылы «Сүмбіле» атты кітаптары, 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы және 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрді. Ол Сильва Капутикян, Анна Ахматова, Вероника Тушнова сынды ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.

«Қыз дегенің болмысынан ана. Ал Ақұштап оған қоса болмысынан ақын. Осылай болып жаратылғанмен, сол екі қасиеттің басын дұрыстап қоса алмай жүрген ақын қыздар аз ба? Аз емес. Ақұштап басын қосам деп әуре болмайды. Ол өзін әрі ана, әрі ақын сезінеді. Өйткені осынау екі қасиетті құдірет Бақтыгерееваның басында біртұтас дүниеге айналған. Оның маңдайындағы екі көздің бірі – ананың көзі болса, бірі – ақынның көзі.

Боз үйдің ар жағында кемпір отыр

Сәбидің күнде қалған қуыршағындай!

Бұлай деп азамат ақын айта алмас. Ол түгіл, әйел ақындардың өзі осылай көре қояр ма екен?! Ал көркемдік кредосын о бастан дұрыс анықтаған Ақұштап тап осылай жазады. Қайталап айтам, өйткені ол өзінің әйелдік құдіретін басқалардан гөрі тереңірек сезінеді. Және сол қымбат сезімді жоғалтып алмай, әлі күнге дамыту үстінде. Сол сезімді өлең-өмірге ала келген ақ қыз – сол сұлу сезімді әлдилеген ақ анаға, ал сол сұлу сезімді әлдилеген ақ ана – осының бәрін өнер биігіне көтерген ақ әжеге шейін өсті. «Ақ Жайық» – «Ақ желкенге», «Ақ желкен» – «Ақ шағалаға» айналды. Өмір керуені қоңыраулатып ұзап барады, ұзап барады», – деп пікір білдіріпті ақын шығармашылығы турасында Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза әлі.

А. Бақтыгерееваның азаматтық үні «Трибун-ақын», «Ақ Жайықтың көз жасы», «Елдің елдігі – бірлігі», «Оралдағы ойран» сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры ақын поэзиясының негізгі арқауы. Ақұштап Бақтыгерейқызының шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді.

Қазақ поэзиясына соны серпін, өзіндік өрнек әкелген А. Бақтыгереева «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» құрметті төсбелгісімен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенттік стипендиясының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласының «Құрметті азаматы».

• Қарамолдаева Галина
Жұмабекқызы
• Қарамолдаева Галина
Жұмабекқызы
• Қазақстанның Мәдениет қайраткері

• Мансап
Қарамолдаева Галина
Жұмабекқызы

Галина Қарамолдаева Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келген. Әже қолында өскен қыз гармон тартып, халық әндерін тыңдап өскен. Бала арманмен 1964 жылы М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесінде оқып жүргенде музыкаға әуестігі арта түседі. Сосын білімін киелі шаңырақ Қыздар университетінде жалғастырады. Г. Жұмабекқызы 1967 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка педагогика факультетіне (қазіргі Өнер және мәдениет факультеті) оқуға түседі. Дәл осы оқу ордасы Г. Жұмабекқызының жұлдызын жарқырата түскені аян. Ұлағат ұясын 1971 жылы үздік бағамен бітіріп, еңбек жолын институттың Музыка әдістемесі, теориясы мен тарихы кафедрасының оқытушысы болып бастайды. Г. Жұмабекқызы студент бола жүріп 1969 – 1972  жылдары аралығында «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамында соло гитарисі ретінде өнер көрсетті. Ол – аты аңызға айналған ұжымның негізін қалаушылардың бірі әрі бірегейі.

«Айгүл» – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан құрылған халық ансамблі. 1968 жылы 8 наурызда ұжым квартет түрінде құрылған. Репертуарында қазақтың халық әндері, басқа ұлттардың ән-билері бар. 1975 жылы ансамбльге халық ансамблі құрметті атағы берілді. Қыздардан құрылған ансамбль Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты атанып, көптеген марапаттарға ие болды.

Өнерпаз «Гүлдерайым», «Тек қа­на қыздар», «Қамажай», «Қара­көзайым», «Алматының алмасы», «Бәрінен де сен сұлу» сынды әдемі әндерді шарықтата шырқағаны да күні кеше. Ансамбль қыздарының есім­дері республикаға танымал болумен қатар, шетелдерге шығандап шыға келді. Атап айтқанда, өнер ұжымы Жапония, Франция, Венгрия, Чехия, Түркия, Болгария, Польша, Югославия, Моңғолия және ТМД елдерінің үлкен сахналарында қазақ музыкасын асқақтатты.

Галина Қарамолдаева әр жылдары Қыздар университетінің Халық сазы және хореография кафедрасының меңгерушісі, Музыкалық білім факультетінің деканы, «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі мен «Томирис» би тобының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарған. Бүгінде Темрібек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Жеке ән салу кафедрасының доценті ретінде еңбек етіп келеді.

Жоғары оқу орнының қабырғасында оқытушылықпен айналыса жүріп ғылыммен де қатар шұғылданды. Оның авторлығымен жарық көрген қазақ мектептеріне арналған «Музыка пәні бойынша бағдарлама» еңбегінде іргелі жұмыстары топтастырылған. Бұл бағдарлама еліміздегі мектептерге енгізіліп, ТМД елдері арасындағы сала мамандары арасында жоғары бағаға ие болды. Сонымен қатар оның бүгінгі күнге дейін 35-тен астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Ол Ағайша Исағұлова екеуі «Өнер жастан...» атты студенттік опера театрын ашты. Бұл бастама еліміздің мәдени өміріндегі елеулі жаңалыққа айналды. Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М. Төлебаевтың «Біржан – Сара», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», Дж. Вердидің «Травиата» опералары қойылды. Аталған шығармалар Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекова сынды ұлы өнер майталмандары дүниеге келген өңірлерде қойылып, көпшіліктің ыстық ықыласаны бөленді. Сонымен қатар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда қалаларындағы іргелі мәдениет ошақтарының сахнасында көрермен назарына ұсынылды.

Галина Жұмабекқызына 1993 жылы доцент ғылыми дәрежесі берілді. Ол жоғары оқу орнының қабырғасында қызмет атқарған жылдары педагог кадрларын даярлауға зор үлес қосты және Қыздар университетінде «Хореография», «Мәдени тынығу жұмысы» мамандықтарының ашылуына да себепкер болды.

Шәкірттерінің қатарында есімі елге танымал мәдениет саласының қайраткерлері, көптеген халықаралық өнер байқауының лауреаттары бар. Атап айтқанда, Ұ. Айнақұлова, Д. Хамзина, Г. Өмірбаева, У. Сейілбекова, Б. Исалиева, С. Абдраимова, Ұ. Белғозиева, Д. Сағынтаева, А. Өтепберген, М. Тағанов,  С. Мұқашев, А. Гумаров, Ж. Заманбеков, А. Максим, А. Мадиев есімді шәкірттері ұстаз есімін абыроймен асқақтатып келеді.

Галина Жұмабекқызы «Қазақстан Республикасының халықтық білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен, «ҚР Білім беру ісінің кұрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған.

• Исағұлова Ағима (Ағайша) Шермұхамбетқызы
• Исағұлова Ағима (Ағайша) Шермұхамбетқызы
• Білім беру ісінің үздігі, әнші, композитор

• Мансап
Исағұлова Ағима (Ағайша) Шермұхамбетқызы

Ағима (Ағайша) Исағұлова 1945 жылғы 3 ақпанда бұрынғы Талдықорған облысының Басши-Нұрым ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка-педагогика факультетіне (қазіргі Өнер және мәдениет факультеті) түсіп, оқу орнын 1967 жылы «Музыка және ән» мамандығы бойынша бітіреді. Содан бері табан аудармай шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызметті абыроймен атқарып келеді.

А. Шермұхамбетқызына 1993 жылы доцент, 2010 жылы профессор ғылыми дәрежелері берілді. Оның бастамасымен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі, «Шаттық жыры» ансамблі, «Өнер жастан» опера театры мен тағы да басқа өнер ұжымдары құрылды. Соның ішінде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Аты аңызға айналған ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды. Сондай-ақ А. Исағұлованың ұйымдастыруымен бірнеше халықаралық, республикалық, аймақтық өнер байқаулары, конкурстар мен фестивальдер жоғары деңгейде өтті.

Оның жетекшілігімен «Ақсұңқар» ардагерлер ансамблi ұйымдастырылды. Өнер ұжымы Алматының қарт тұрғындарын өнерге тартуды мақсат тұтады. Ағайша Исағұлова – кезiнде сырнаймен ән шырқап, аты күллi қазақ даласына танымал болған Майра Уәлиқызының сырнаймен ән айту мектебiн жалғастырушылардың бірегейі.

Өнерпаз туралы қазақтың кемеңгер ұлы Дiнмұхамед Қонаевтың: «Мен қазақтың екi-ақ қызын бiлемiн: бiрiншiсi – Хафиза Әбуғалиева аккордеонмен ән салушы едi. Екiншiсi – қарындасым Ағайша баянда ойнап, ән айтады. Бұл қыздар – елiмiзге келген бiртуар таланттар», – деген ұлағатты сөзi растай түседi. Кезiнде Ағайшаның орындауындағы әндердi тамашалап, сызылта тартқан сырнай үнiне бойы балқып, көңiлi шалқыған Шыңғыс Айтматов: «Оның ән айту шеберлiгiнде шаманизм сарыны жатқандай әсер бередi. Ол бiздiң бәрiмiздi өзiнiң алақанында ұстап, әнiмен тыныстатты» десе керек. Ал оның өнердегi, ұстаздық қызметтегi серiгi әрi құрбысы әншi-ұстаз Галина Қарамолдаева: «Ағайша Шермұхамбетқызының тұла бойы өнерден жаратылған ба деп ойлаймын. Сандуғаш үндi арқалы әншi, саусағынан бал тамған сырнайшы, нағыз халық сазгерi, «сегiз қырлы бiр сырлы» деген осы да», – деп толғанады.

Бүгінде профессордың ғылыми-әдістемелік еңбектері, музыкалық шығармалары жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде пайдаланылады. Еңбектерінің қатарында «Музыка» бағдарламасы бойынша хрестоматия, фонохрестоматиялар, музыка пәнінің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, халық әндерінің жинақтары бар.

Ол кісі ұстаздықпен қатар, халық арасында кеңінен тараған 80-ге жуық әннің де авторы. Исағұлованың өміршең туындыларын өзінің шәкірттері, есімі елге танымал эстрада жұлдыздары Галина Қарамолдаева, Тамар Асар, Дина Хамзина, Ұлжан Айнақұлова, Алтын Махамбетова және тағы басқалар орындайды.

«Қазақ» радиосының «алтын қорында» А. Исағұлованың орындауындағы 250-ден астам шығарма сақтаулы. Ол Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Германия, Литва, Украина, Белорусь, Югославия, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елдерінде қазақ өнерін насихаттап, жеке ән кештерін өткізді. Сонымен қатар ол еліміздің барлық өңірінде «Көкпар» атты авторлық ән-музыка кешін және қайырымдылық шараларын өткізуге мұрындық болды. Ағайша Исағұлова «Алло, мы ищем таланты», «Жаңа ғасыр – жаңа ән», «Ттар әуендері», «Үздік музыка пәнінің мұғалімі», «Аталар сазы», «Татар моңнары» атты халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты. Ол «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақ өнерінің қайраткері», «Жылдің үздік маманы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ескелді ауданының «Құрметті азаматы» атақтары мен медаль және төсбелгілермен марапатталған.

• Ералиева Мәдина
Есмалайқызы
• Ералиева Мәдина
Есмалайқызы
• Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі

• Мансап
Ералиева Мәдина
Есмалайқызы

Мәдина Ералиева 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 2000 жылғы 27 қарашада жол апатынан қайтыс болды. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты.

М. Есмалайқызы 1974 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка факультетін бітірген. Қызығы мол студенттік шақта Мәдина жас болып елеңдемей, түннің бір уағына дейін институттағы дайындық бөлмесінде көп ізденіп, күйсандықта берілген тапсырма бойынша шығармаларды қайталайтын. Соның нәтижесі болар, зиялы қауым бас қосқан Жазушылар Одағында, Мұхтар Әуезов атындағы мәжіліс залында, сондай-ақ үлкен сахналарда сырнайға қосылып ән салғанда көпшілікті бірден баурап алатын. 1978 жылы Мәдина тұңғыш рет Қазақ теледидарында өткен «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасына қатысып, Бексұлтан Байкенжиевтің «Ақбаян» әнін тамылжыта орындаған. Осындай бас қосқан жиында үлбіреген ақсары қыз жүрек лүпіліне дауыс сыңғырын қосқан шақта тыңдаушы ерекше күйге түсіп, тағы да айтуын өтінетін. Мәдина бірден өнер жолына түсе қойған жоқ.

Еңбек жолын 1978 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкерліктен бастайды.

1985 жылдан бастап ғұмырының соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі ретінде қызмет етті. Ол нәзік те сыршыл үнімен, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Айқаракөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр» сынды халық әндері мен «Кіресің жиі түсіме», «Сағым жылдар», «Күрең күз» сияқты қазақ композиторларының шығармалары күміс көмей өнер иесінің өзіне ғана тән әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, ұлттық нақышымен көзіқарақты қауымның жадында қалды.

Өмірін өнермен өрнектеген Мәдина Ералиева халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосып, өзіндік бітім-болмысымен халық жадында қалды.

М. Ералиеваның әкесі Есмалай Ерәлі тарих пәнінің оқытушысы болып ұстаздық еткен көзі ашық азамат болса, анасы тігіншілік өнермен айналысқан.

2013 жылдың наурыз айында Сыр елінің тумасы марқұм Мәдина Ералиева жайлы кітап жарық көрді. «Қазақтың Мәдинасы» атты туындының авторы – журналист Рауан Тұрғантай. Жинаққа «қазақтың Ақбаяны» атанған күміс көмей әнші М. Ералиеваның шығармашылығы мен отбасы жайлы естеліктер  топтастырылған.  Ән салса, таңдайынан бал тамған қазақтың ерке әншісі марқұм Мәдина Ералиева ғұмырының соңғы жылдарында «Күрең күз» әнін шырқаған болатын. Халық жүрегінен орын таба білген бұл әнмен дүлдүл әнші Мәдина өмірімен қоштасқандай болды. «Күрең күз» әні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған. Авторы – күйші, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова.

• Тамара Асар
Қалниязқызы
• Тамара Асар
Қалниязқызы
• эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

• Мансап
Тамара Асар
Қалниязқызы

Тамара Асар 1976 жылғы 16 шілдеде Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Ақшұқыр деген ауылда ұстаздар отбасында дүниеге келген. Ақтау қаласындағы музыка мектебін бітірген. Кейіннен Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық білім факультетін (қазіргі Өнер және мәдениет факультеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің магистратурасы мен докторантурасын тәмамдаған. Ресей заманауи өнер институтының вокал бөлімінде дәріс алған. Сонымен қатар МГПУ-дың Психология факультетінде біліктілікті арттыру тәжірибелерінен өткен.

«Қаршадай кезімнен жақсы билейтінмін. Биші болуды армандайтынмын. Алтыншы сыныптан соң Ақтаудан Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға келдім. Қазақ тілі мен әдебиетті сүйіп оқыдым. Менің бойым аласа еді, қазір де солай, ал құрдастарымның денелері ірі, бойлары ұзын болды. Қабілетіме қарамастан, би топтарына кіре алмайтынымды, тек өзім үшін ғана билей алатынымды түсіндім. Сонымен ән айтумен айналыса бастадым. Негізі атам да, әкем де ән айтатын. Алайда әке-шешем менің әнші болуымды құптамады. Олар: «Қызым, одан да музыка пәнінің мұғалімі бол», – деді. Мен қарсыласқан жоқпын. Бірақ, жасырын түрде Алматыдағы Ж. Елебеков атындағы Алматы эстрада және цирк колледжіне құжатымды тапсырдым. Сынақсыз қабылдандым. Дегенмен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің музыка факультетіне оқуға түсуге тура келді. Институтта талайды тамсандырып, ұлттық мәдениеттің эталонына айналған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінде ән салдым. 1997 жылы Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» фольклорлық ансамблінің құрамына ендім. Осылайша әншіліктің дәмін татып, кәсіби жолға түсе бастадым», – дейді Тамара Асар.

Өнерпаз еңбек жолын Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы жанындағы Мұрат Өскімбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясынан бастаған. Әндерін «Отырар сазы», «Ақжауын», Абыл Тарақұлы атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көпшілікке ұсынып келеді. Оның бүгінгі күнге дейін «Ариайдай», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жалғыз досым», «Ренжімеші», «Сол бір қыз», «Жаным неге» атты бейнебаяндары жарық көрген. Соның ішінде «Жаным неге» атты бейнебаян Қазақстан тарихындағы алғашқы анимациалық 3D форматында жазылған. Шығармашылықта жүрген 12 жыл ішінде көптеген жанрлар мен бағыттардағы: «Отырар сазы», «Ақжауын», Абыл Тарақұлы атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтып, жұртшылықтың назарында жүр. Сонымен қатар, жаңашыл эстрадалық жанрда Қазақстанмен қоса, Еуропа, Азия елдерінің алдыңғы қатарлы сахналарында бар талап-талантымен өнерін өрнектеуде.

Ұлттық мәдениетімізді кеңінен дәріптеуге үлес қосқаны үшін Тамара Асар Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Құрмет белгісі», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы мерекелік медальдарымен және Маңғыстау облысы әкімінің сыйлығымен марапатталған. Ол – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының, Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының иегері. Қыздар университетінің «Құрметті профессоры», Ақтау қаласының «Құрметті азаматы».

• Айнақұлова Ұлжан
Өстенқызы
• Айнақұлова Ұлжан
Өстенқызы
• эстрада әншісі

• Мансап
Айнақұлова Ұлжан
Өстенқызы

Ұлжан Айнақұлова 1958 жылғы 23 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Сарыбай би ауылында дүниеге келген. Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 1976 жылы Қарасу орта мектебін тәмәмдап, осы жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка факультетіне түседі. Институт қабырғасында қазақтың белгілі композиторлары Ө. Байділдаев, Д. Ботбаев сынды азаматтардан дәріс алып, вокал сабағынан белгілі әнші, ұстаз Галина Қарамолдаевадан әншіліктің қыр-сырын үйренді. 1978-1979 жылдары әйгілі «Айгүл» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, көптеген мемлекеттерге гастрольдік сапармен барады.

1981 жылы оқу орнын бітірген соң еңбек жолын Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Құлансаз» ансамблінің мүшесі ретінде бастайды. 1984 жылы Мәскеу қаласына Қазақстанның атынан бүкілодақтық әйгілі «Шире круг» тележобасына шақырылады. 1988 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына жеке дауысты әнші болып ауысып, шығармашылығын дамытады. Ол әншілердің арасында алғаш жеке сыбызғы, адырна аспаптарының сүйемелдеуімен халық әндерін орындаушы.

Репертуарында 50-ден астам ән бар. Оның ішінде «Бүлдірген», «Бозбала», «Гүл-гүл жайна», «Дариғай өткенді аңсап», «Угәй-ай», «Сарыала үйрек», «Ауылым Жамбыл бойында», «Ай-сәулем», «Жылқы ішінде бір ала жүр», «Жеңеше-ай», «Бұл-бұл құсым» және тағы басқа музыкалық туындылардың шоқтығы биік. Ұ. Айнақұлова есімі елге танымал сазгерлермен тығыз шығармашылық қарым-қатынас орнатып, «Адырна», «Сазген», «Отырар сазы» ұжымдарымен бірігіп ән салды. Бүгінгі күнге дейін оның 4 ән жинағы жарық көрді.

Ұлжан Айнақұлова 1994 жылғы республикалық «Ән-шашу» атты телевизиялық конкурстың гран-при иегері атанды, 2000 жылы «Жаңа ғасырға жаңа ән» атты республикалық ән конкурсында бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар ол Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлық иегері, «Астананың 10 жылдығы», «Д.А. Қонаевтың 100 жылдығы», «Павлодар облысына 75 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған.

• Хамзина Дина Мерекеқызы
• Хамзина Дина Мерекеқызы
• опера солисі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

• Мансап
Хамзина Дина Мерекеқызы

Дина Хамзина 1972 жылғы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жаңа жол ауылында дүниеге келген. Меццо-сопрано, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера солисі.

1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық-педагогикалық факультетін бітірген. Еңбек жолын өзі білім алған оқу орнының оқытушысы болып бастаған. 2000 жылдан бері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрнының меццо-сопраносы, солисі. Осы жылдары өнерпаз түрлі халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, шеберлігін шыңдай түседі. 2005 жылы К. Байсейітова атындағы республикалық әншілер конкурсының Гран-приіне ие болса, 2006 жылы Халықаралық романс орындаушылар конкурсының лауреаты атанады. Сонымен қатар Лос-Анджлесте өткен өнер шеберлерінің Әлемдік чемпионатында үш алтын, бір күміс медаль алады.

Дина Хамзина Аналық (М. Төлебаевтың «Біржан-Сара»), Қамқа (Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай»), Жанка (Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғын»), Мерседес, Кармен (Ж. Бизенің «Кармен»), Азучена (Дж. Вердидің «Трубадур»), Полина (П. Чайковскийдің «Пиковая дама»), Ольга (П. Чайковскийдің «Евгений Онегин»), Лаура (П. Чайковскийдің Иоланта), Сузуки (Дж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан»), Зибель (Ш. Гуноның «Фауст») партияларын және Дж. Вердидің «Реквиемінде» мецц-партиясын, Маддалена («Риголетто»), Флора («Травиата») меццо-сопрано партияларын орындаған.Д. Мерекеқызының соңғы жылдары отандық және шетелдік театр сахналарында орындаған партиялары мен концерттік бағдарламалары оның орындаушылық өнерінің биіктігінің, өрісінің кеңдігінің дәлелі. Әншілік өнерімен өз елімізде де, шет мемлекеттерде де кеңінен танылып жүрген Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры мен «Астана – Опера» театрының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық әншілер конкурсының лауреаты Дина Хамзинаның қазақ опера өнерінің тарихында алар орны ерекше деп санаймыз. Оның даусы қазақта сирек кездесетін меццо-сопрано. Толық диапозонды, тембрлі, дауыс техникасын өте жақсы игерген. Әншілігі мен актерлық таланты бір төбе Динаның күнделікті өмірдегі инабаттылығы мен адамгершілік қасиеті, қарапайымдылығы мен кісілігі де өз алдына айта жүретіндей ерекшелігі.

• Әлқожа Роза
Әбдіразаққызы
• Әлқожа Роза
Әбдіразаққызы
• эстрада әншісі

• Мансап
Әлқожа Роза
Әбдіразаққызы

Роза Әлқожа 1981 жылғы 1 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетін тәмамдаған.

Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап әдебиетке бейім, өлң жазуға құштар дарынды жас білім мен ғылымның қарашаңырағында білім ала жүріп, түрлі деңгейдегі мереке, іс-шара және байқауларға қатысып, өзінің әншілік және композиторлық қырын танытады. Оқу орнын бітірген соң «Ақжол – Қазақстан» республикалық қоғамдық-саяси газетінің өнер бөлімінде қызмет атқарады. Десе де өнермен байланыста қызмет ете жүріп, осы арнаға біржола бет бұруға шешім қабылдайды.

Әншінің алғашқы альбомы «Мен сыйға тартқан орамал» деген атпен 2008 жылы жарық көрген. Роза Әлқожаның «Жылатқаның неткенің», «Қара күз», «Мен сыйға тартқан орамал», «Жүрек назы», «Ән салшы, Роза», «Мына өмір ғажап қандай» әндерін тыңдарман қауым жылы қабылдап, шығармалары халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Сонымен қатар композитор Баян Нұрмышеваның орындауындағы «Жібектің елі», Еркін Нұржановтың орындауындағы «Қаңтарда жауған жаңбыр», Ақбота Керімбекованың орындауындағы «Орындалмас тілегім», Ажар Түзелбекқызының орындауындағы «Сағындым сені», «Бақыттымын» және Ләззат Жоламанованың орындауындағы «Сағынғаным болмаса» сынды әндерді жазды.

Ақын Фариза Оңғарсынова айтқандай, «Тақтайды тақтайға соққан композиторсымақтар асқынып кеткен мына заманда» қазақ әнінің ұлттық бояуының бір жеріне қылау түсірмеу үшін жанұшыра жүгіріп жүрген шын дарындар аз. Сондай аздың бірі – Роза Әлқожа. Алғаш ешкімнің қолдап, демеуінсіз өз күші, өзі дарынымен «Мен сыйға тартқан орамал» атты ән жаздырып, нағыз қазақ қызына тән биязы мінезімен бірден халықты баурап алған талантты өнер де жат көрген жоқ. Біртіндеп шабытына шабыт қосып, әнін әнге жалғаған Роза Әлқожа өзінің барша қазақтың сүйікті әншісі, сүйікті қызына айналғанын аңғармай да қалған еді.

Р. Әбдіразаққызының бүгінгі күнге дейін бірнеше ән альбомы жарық көрді. Ол «Мұқағали Мақатаев атындағы» медальмен марапатталған.

• Оразымбетова Гүлнұр Манатқызы
• Оразымбетова Гүлнұр Манатқызы
• эстрада әншісі

• Мансап
Оразымбетова Гүлнұр Манатқызы

Гүлнұр Оразымбетова 1977 жылғы 8 мамырда Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылында дүниеге келген. Әнші, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Өнер және мәдениет факультетін бітірген.

Ол 2000 жылы «Жас қанат» әншілер байқауының бас жүлдесін, сол жылы «Азия дауысы» халықаралық конкурсындағы «Қазақстанның жаңа әндері» байқауында үшінші орын иеленді. 2001 жылы Болгарияда өткен халықаралық музыкалық фестивалінде үздік үштікке табан тіреді.

Гүлнұр Оразымбетованың репертуарындағы Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз», Бейбіт Оралұлының «Толғау», Сейфуллин Жолбарыстың «Сағыныш» және «Ойлаймын сені», С. Сыздықовтың «Қоштасу» сияқты қазақ халық және қазіргі композиторлардың әндері бар.

«Алматыдай әсем қаладағы Гоголь көшесімен өтіп бара жатып, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жанынан өткенде өмірімнің ең бір аяулы да қызықты сәттері көз алдыма елестейді. Есіме өнерге баулыған ұстаздарым, құрбы-құрдастарым түседі. Артта қалған студенттік жылдарға оралғандай әсер аламын. Бұл қарашаңырақтың орны бөлек. Мен үшін», – дейді Гүлнұр Оразымбетова білім алған оқу орны туралы.

Мәдениет пен өнер – ұлттың ұлылығының өзегі, халықтың асыл қазынасы. Парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет ең алдымен рухани мұраларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан қомақты үлесімен дараланбақ. Біздің факультетті күні бүгінге дейін мыңдаған түлек бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында есімі елге танымал өнер қайраткерлері, мәдениет майталмандары бар. Ордалы оқу орны үшін танымал түлектер қатарының көп болуы – үлкен мақтаныш, зор абырой. Міне, сондай түлектердің қатарында Гүлнұр Оразымбетова да бар.

• Аманжолова Алма Тұрсынбайқызы
• Аманжолова Алма Тұрсынбайқызы
• дәстүрлі әнші

• Мансап
Аманжолова Алма Тұрсынбайқызы

Алма Аманжолова 1977 жылғы 26 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Алматыдағы А. Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясын, 1998 жылы Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін «Әнші-домбырашы, ансамбль солисі» мамандығы бойынша, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Филология факультетін тәмамдаған.

Мектеп қабырғасынан домбырамен ән салып көптеген байқаулардың жеңімпазы атанады.

Еңбек жолын 1996 жылы «Алтын домбыра» өнер бірлестігінде әншісі болып бастайды. 2000 – 2002 жылдары сатирик-жазушы Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр» театрында әнші-актриса, 2002 – 2009 жылдары «Жаңа Фильм» студиясында музыкалық редактор, 2009 – 2012 жылдары «Құлан саз» ансамблінің әншісі болып еңбек етеді. 2015 жылдан бері «Алатау» дәстүрлі өнер театрында әншілер бөлімі басшысы және әнші-актриса қызметінде.

Алма Аманжолованың орындауындағы «Қара пима» толғауы көп отбасының шырқын бұзған індет – маскүнемдікке қарсы жазылған шығарма.  Осы толғаудың әсерімен көптеген азаматтар әлі күнге түзу жолға түсіп отбасына оралып қатарға қосылды.

Өнердегі ұстазы Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем», «Жан ана», «Туған жерім тамаша», «Қызым саған айтамын», «Қара кемпір», «Қара пима» сынды танымал әндерін халық арасында кеңінен насихаттап жүрген әнші.

Алма Аманжолова «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы», «Өнер қайраткері» медальдарымен марапатталған.

• Арапбаева Маржан Өмірзаққызы
• Арапбаева Маржан Өмірзаққызы
• эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

• Мансап
Арапбаева Маржан Өмірзаққызы

Маржан Арапбаева 1978 жылғы 6 ақпанда қазіргі Түркістан облысының Бәйдібек ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық білім факультетіне (қазіргі Өнер және мәдениет факультеті) оқуға түсіп, оқу орнын 1999 жылы бітіреді. Еңбек жолын 2000 жылдары орта мектептің мұғалімдігінен бастаған. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскерлер ансамблінің және Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік филармонияның әншісі болып еңбек еткен.

Оқу орнының қабырғасында білім ала жүріп, орындаушылық шеберлігінің арқасында көптеген қалалық, республикалық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Ол ең алғаш рет сахнада 1992 жылы «Әнші балапан» конкурсы кезінде шықты.

«Мектепте де, институтта да мені ешкім әнші ретінде таныған жоқ. Қыздар институтында оқып жүріп, көп концертке, кастингке қатысатынмын. Бірақ, ылғи «жаман емес, дайындық керек» деп жылы шығарып салатын. Оқу орнында КВН ойындарына белсенді қатыстым. Қыздардан құралған команданың капитаны да болдым. Оқуды бітірген соң мектепте бір жылдай мұғалім болып жұмыс істедім. Бастауыш сыныптарға музыка пәнінен сабақ беретінмін. Домбыра, вокал үйірмелеріне жетекшілік еттім. Балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнайтын. Бірақ, ылғи бірдеңе жетпей тұратын… Үлкен сахнаны аңсайтынмын...», – дейді әнші.

Өнерпаз 2002 жылы республикалық «Жас қанат» байқауының дипломанты атанып, сол уақыттан бастап көзіқарақты көпшілік қауымға таныла бастады. Сонымен қатар ол 2004 жылы «Азия дауысы» халықаралық ән байқауында Ресейдің Халық әртісі Николай Басковпен дуэт орындап, Қазақстан Республикасының Президентінің атынан арнайы сыйлық және «Жылдың үздік әні» номинациясын иеленді. Дәл осы жылы «Жаңа толқын» халықаралық конкурсының екінші орынды қанжығасына байлады.

2003 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында қазақ әндері бойынша бірінші конкурс ұйымдастырылды. Аталған байқауда өз өнерімен көпшілікті таңғалдырған әнші жүзден – жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Байқаудан соң бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы талант туралы кеңінен айтыла бастады. М. Арапбаева XIV «Азия дауысы» фестивалінің лауреаты атанып, Қытайдың Шанхай қаласында жас әншілерге арналған байқау қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Бұл өнер байқауларындағы жеңіс оған толағай табыстарға жол ашты.

2004 жылы Маржан Арапбаева «Витебск» эстрада әншілеріне арналған фестиваль қорытындысы бойынша екінші орынға ие болды. Жеке шығармашылығын шыңдау жолында үздіксіз жұмыс істеген Арапбаева 2007 жылы «Кеш жарық, Астана» шоу-бағдарламасының қатысушысы ретінде өз әндерін жұртшылыққа ұсына бастады.

Өнерпаздың әндері сезім мен махаббатқа құрылған. Атап айтқанда, М. Арапбаеваның орындауындағы «Сәлем саған туған ел», «Соңғы вальс», «Қазақстаным», «Гүл сезім», «Арманыма асығып барамын», «Сол ма?», «Иә, солай», «Сен мықтысың», «Өкінішті сезім», «Қазақ елі», «Жасасын өмір», «Қыздар мен жігіттер», «Сен едің», «Мазалама», «Сүйемін сені», «Jete me» сынды көптеген әндері халық арасында кеңінен тараған. Сонымен қатар әншінің Қайрат Баекенов пен Сәкен Майғазиевпен дуэттері тыңдармандар тарапынан оң бағаланды.

Маржан Арапбаева – танымал эстрада әншісі, композитор, Халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері. Ол 2017 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталған.

• Гулнур Шәкенқызы Өмірбаева
• Гулнур Шәкенқызы Өмірбаева
• 01.09.2009-2019ж. Өнер және мәдениет факультетінің деканы

• Мансап
Гулнур Шәкенқызы Өмірбаева

Гулнур Шәкенқызы Өмірбаева 1975 жылы Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылында (бұрынғы Луговой ауданы, Калинин ауылы) дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітірген соң, 1993 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының Музыка педагогика факультеті «Музыка мұғалімі және вокалдан қосымша мамандандыру»  мамандығына оқуға түсіп, 1997 жылы жоғары оқу орнын үздік аяқтайды.

Еңбек жолын аталған институттың музыкалық оқытудың теориясы мен әдістемесі кафедрасының ізденуші-стажеры қызметінен бастайды. 1998–2001 жылдары өндірістен қол үзіп аспирантураны үздік тамамдайды.

2002 жылдан бастап атаулы институттың «Вокал және хор дирижерлау» кафедрасының оқытушысы қызметінен бастап, 2006 жылдан  мәдени бұқаралық жұмыстардың теориясы мен әдістемесі кафедрасында аға оқытушы, доцент міндетін атқарушы қызметтерін атқарған. 06.01.2009– 01.09.2009 ж. Мәдени-бұқаралық жұмыстардың теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы, 01.09.2009-2019ж. Өнер және мәдениет факультетінің деканы қызметтерін атқарған

2010 жылы «Мектеп оқушыларының мектептен тыс жұмыс барысында қазақ әндері арқылы патриоттық құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында ғылыми диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.

Авторлар бірлестігімен  «Ән салу өнері» оқу құралы (2011ж.), «Мектеп оқушыларының сыныптан тыс жұмыс барысында қазақ әндері арқылы патриоттық құндылықтарын қалыптастыру» оқу құралы   (2013ж.), «Патриоттық әндер» хрестоматиясы (2013ж.)  және көптеген мақалалары жарық көрген.

Гулнур Шәкенқызы  ҚР Мәдениет қайраткері, «Білім беру саласының үздігі» медалі, Республикалық «Жаңа ғасырға – жаңа ән» әндер байқауының лауреаты, Халықаралық «Азия дауысы» фестивалі аясындағы «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, «Ұлағат» медалінің иегері, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері және т.б.

Ұстаздық пен әншілік өнерді қатар алып жүрген Гүлнұр Шәкенқызы  «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі болып жұмыс істеген.

Гүлнұр Шәкенқызы  Қытай, Австрия, Түркия, Корей елдерінде, сондай-ақ Қазақстанның барлық қалаларында  өнер көрсетіп, қазақ халқының фольклорлық өнерін, мәдениетін насихаттап келеді.

Сондай-ақ, Г.Ш.Өмірбаеваның жетекшілігімен бірнеше шәкірттері республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындардың иегерлері болды.