Университет ректоры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық жиынға қатысты



    • Университет ректоры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық жиынға қатысты

      НҰР-СҰЛТАН. 13 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Елордада «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының табысты тәжірибесі талқыланған алқалы жиынға танымал халықаралық саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

      Конференцияның «Тәуелсіздіктің бағдары мен белестері» пленарлық отырысында  Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай ана мен баланы қолдау, гендерлік саясатты дамыту, сондай-ақ жастардың рөлі туралы баяндама жасады.

      Тәуелсіздікті қалыптастыру мен іргетасын нығайту жолындағы әрбір шешім, бағындырған әрбір белес – өскелең ұрпаққа келешегі кемел, дамыған елді аманаттаудың амалы болды. Егемендік жылдары Қазақстан әлемдік қауымдастықтан, көршілес мемлекеттер мен одақтастар тарапынан шынайы мойындалды. Ал ең бастысы – өз отандастастарымыздың дамудың даңғыл жолына бет бұрған мемлекетімізге үлкен сенім білдіруі еді. Елімізді мекендейтін әрбір азамат өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырады. Қазақ еліндегі әрбір шаңырақ ертеңге деген үміті мен болашағын осы мемлекетпен сабақтастырады, – деді Гүлмира Қанай.

      Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин құттықтау сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы тәуелсіздік таңында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткенін, содан кейін Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі өрлеуі мен серпінді дамуының негізі болғанын атап өтті.

      – Біз ЕҚЫҰ төрағалық еттік. Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болдық. Бүкіләлемге әйгілі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырдық. Бұл көрме Елбасының ерең ерлігі мен парасатты шешімі мен жасампаз идеясымен дүниеге келген астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қазірде елордамыз дүниежүзі елдерінің арасында ұлтаралық және дінаралық татулық орнатудың саяси диалог алаңына айналды. Сонымен бірге бүгін Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздігіміздің мәңгілік іргетасы, сонымен бірге шығыс пен батысты байланыстыратын өркениеттің алтын ордасы. Ал Елбасының тарихи шешімімінің арқасында ашылған тағы бір жаңа Түркістан облысы Еуропа мен Азияны  қосатын бүкіл түркі әлемінің рухани ордасы деп аталды, – деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы.

      Өз кезегінде, Ресей мемлекеттік думасы төрағасының бірінші орынбасары  Александр Жуков Назарбаевтың Ресеймен көпжақты достық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы рөлі мен маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.

      Ал Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуы жағдайындағы құқықтық жүйенің дамуының негізгі кезеңдері туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми айтып берді.

      Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әсерлі жетістіктерін талқылай отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Тұңғыш Президенттің жеке басшылығымен қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттің барлық элементтерін қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

      «Иә, еліміз тәуелсіздігін алған тұста бізге күмәнмен қарағандар көп болды. Тіпті, кейбіреулер «бұлар ел болмай, жұтылып кетеді» деп сәуегейлік танытқан екен. Бірақ уақыттың өзі күдікті сейілтті. 30 жылда Қазақстан өзгелермен иық тіресетін бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды». Бұл туралы жиында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты.

      Ал пандемияға байланысты елімізге жолы түспегендер бейнежолдау жіберіп, құттықтап жатты. Олардың қатарында Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл мен БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун бар.

      Халықаралық шара барысында еліміздің 30 жылда жеткен жетістігі айтылып қана қоймай, алдағы даму бағыты да сөз болды. Сарапшылар мен саясаткерлер өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: