Инфо-дайджест: Аптаның айтулы оқиғалары. №34



    • Инфо-дайджест: Аптаның айтулы оқиғалары. №34

      АЛМАТЫ. 13 желтоқсан. Баспасөз орталығы 2021 жылғы 6 - 10 желтоқсан аралығындағы аптаның айтулы оқиғалары.

       

      06.12.2021

      АЛМАТЫ

      Университеттің профессор-оқытушылары кәсіби біліктілігін арттыруда. Түркияның Башкент университетінің профессоры Сүйер Екер «Қазақ тіл білімі және түркітанудың ғылыми-теориялық мәселелері» тақырыбында 72 сағаттық арнайы курс өткізді.

       

      07.12.2021

      АЛМАТЫ

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы белгілі тарихшы, ғалым, публицист Талас Омарбекұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Профессор Талас Омарбекұлы оқу орнында болашақ тарихшы мамандарға дәріс оқып, бірнеше жыл қатарынан «Қазақстан тарихы» пәні бойынша мемлекеттік емтихан төрағасы болып қызмет атқарды.

      *****

      АЛМАТЫ

      – Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай оқу орнының бір топ белсенді студенттерімен бірге «Digital Ustaz Almaty» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл – болашақ педагогтерге ерекше әсер еткені анық. Себебі байқау Алматы мектептерінде оқыту процесін цифрландыруды танымал етуге және қаланың үздік digital-ұстаздарын анықтауға бағытталған.

      *****

      АЛМАТЫ

      – Канаданың Альберта университетінің профессоры, PhD Дейв Чан Университетіміздің «Информатика», «Математика» және «Физика» білім беру бағдарламаларының докторанттарына дәрістер сериясын жүргізді. «Numerical Methods in Computer Modelling» тақырыбындағы дәрісте білім алушылар ғылыми және инженерлік мәселелердің шешімін табудың заманауи тәсілдерін меңгерді.

       

      08.12.2021

      АЛМАТЫ

      – Университеттің спорттағы табысы тағы бір жүлдемен толықты. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1 курс студенті Нұрзия Назарова «Кёкусин Будокай Каратэ» республикалық Кубогінің күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ спорт шебері әлемдік деңгейдегі каратэден 1-дан қара белбеуге ие болды.

      *****

      ҚЫЗЫЛОРДА

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған «Tereń dem al» фракциясы «QORQYT АTA CUP» студенттер арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінде екінші орынға ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған сайысқа еліміздің барлық аймағынан 18 команда қатысты.

      *****

      АЛМАТЫ

      – Соңғы 30 жылда Қазақстан қандай жетістіктерге жетті? Елді жаңғыртуға бағытталған реформалар қаншалықты нәтижелі жүзеге асты? Мемлекеттің алдағы даму траекториясы қандай болмақ? Бүгін Университетте осы сауалдарға жауап іздеген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

       

      09.12.2021

      АЛМАТЫ

      – «Кітапхана ісі» мамандығының беделін арттыру, болашақ кітапханашылардың кәсіби әлеуетін көтеру мақсатында Университетте «Креативті кітапханашы қандай болуы керек?» тақырыбында байқау өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған сайысқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар университеті және Қаскелең мәдениет колледжінің «Кітапхана ісі» бойынша білім алатын студенттері қатысты.

      *****

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік тағылымы» онкүндігі басталды. Мерейтойлық іс-шараның басты мақсаты – оқу орны білім алушыларын ұлтжандылық пен патриоттыққа баулу.

      *****

      «Тәуелсіздіктің тұғыры – дарынды ұрпақ». Осындай атаумен 21 желтоқсан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде республикалық олимпиада өтеді. «Көркем еңбек» пәні бойынша өтетін білім сайысына еліміздегі мектеп оқушылары қатысады.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: