Бауырлас елмен ынтымақтастық артады



    • Бауырлас елмен ынтымақтастық артады

      АЛМАТЫ. 30 қараша. Баспасөз орталығы – Түбі бір туысқан халықпен ынтымақтастық артады. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулы Али Рыза Акынжы арнайы іс-сапармен келді.

      Дипломат оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанаймен кездесіп, өзара ынтымақтастықты арттырудың тетіктерін талқылады.

      Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар алғашқы күннен бастап достық пен бірлікке бастаған тұрақты байланыстарымыздың берік негізін қалады. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы екіжақты қатынастар жемісті дамуда және стратегиялық әріптестік туралы шарт шеңберінде, аймақтық және жаһандық деңгейлерде халықаралық қатынастар жүйесінің маңызды факторына айнала отырып, белсенді өзара іс-қимыл жасауда, – деп атап өтті Бас консул.

      Өз кезегінде Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай 80 жылдық тарихы бар оқу орнымен таныстырып, алдағы даму жоспарын баяндады.

      2021-2022 оқу жылы негізгі екі бағыт бойынша жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Біріншіден, Университеттің инфрақұрылымын дамыту. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны жаңарту басты назарға алынып отыр. Білім және ғылым министрлігімен бірге Академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, демеушілік қолдау іздеу мақсатында инвесторларға арналған ұсыныс бағдарламаларын жасау және жаңа жатақхана мен оқу корпустарын соғу немесе жаңартуды қарастырып отырмыз, – деді Гүлмира Қанай.

      Басқосуда Университетке шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында дәріс өткізіп жүрген бір топ түркиялық ғалымдар да білім беру және  ғылыми-зерттеу бағытында ынтымақтастықты арттырудың тетіктерін ортаға салды.

      Сонымен қатар кездесуде тараптар Түркияның Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесіп түрлі бағыттағы басқосулар мен іс-шараларды өткізуге уағдаласты.

      Осы ретте айта кетейік, біздің Университет Түркияның бірнеше жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Ал бірнеше жылдан бері Нийде Өмер Халисдемир университетімен бірлесіп қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асып келеді. Жыл сайын білім алушыларымыз бен оқытушыларымыз түркиялық оқу орындарында ғылыми тағылымдамалардан өтеді.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: