Шетелде білім алғыңыз келе ме?



    • Шетелде білім алғыңыз келе ме?

      АЛМАТЫ. 27 мамыр. Баспасөз орталығы – Шетелдің жетекші жоғары оқу орнында білім алуды армандайсың ба? Ендеше мақсатқа қол жеткізу оңай. Біз бүгін білімін жетілдіруге ниеттенген жастардың назарына Қазақстандағы бірнеше бағдарлама мен стипендияларды ұсынамыз.

      «Болашақ» халықаралық бағдарламасы.

      «Болашақ» – Қазақстан Республикасының Президентінің білім беру, санат жетілдіру мақсатында құрылған халықаралық стипендиялық бағдарлама.

      1994 жылдан бастап 2004 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында барлығы 785 студент әлемнің 13 елінде білім алды. Стипендия қызметте табысты өсудің, түлектердің кәсіби мамандануының кепілі іспеттес. Бұның дәлелі ретінде бағдаламаның көптеген түлектері мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдарда жауапты қызметтерді атқарып, мемлекеттік және халықаралық жобаларға қатысып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

      «Turkiye Burslari» оқу бағдарламасы.

      «Turkiye Burslari» – Түркия мемлекетінің жанынан ашылған арнайы оқу бағдарламасы. Жыл сайын әлемнің 100 мыңнан астам білім қуған жастары бақ сынайтын озық бағдарламалардың бірі. «Turkiye Burslari» бағдарламасына тапсырған әрбір талапкер оқыту тілі ретінде ағылшын және түрік тілдерін таңдай алады. Бағдарламаға қатысу үшін түрік тілін білу шарт емес, ал егер сіз білімді ағылшын тілінде алғыңыз келсе, өзіңіз таңдаған университеттердің талаптарына сәйкес келетін сертификаттарды тапсыруыңыз қажет. Бағдарлама 2 кезеңнен тұрады.

      Бірінші кезең – онлайн түрде бағдарламаға құжаттарды тапсыру.

      Екінші кезең – сұхбаттасудан өту.

      Бағдарлама бакалавр, магистр, доктор және зерттеу жұмыстарын жүргізетін студенттерге арналған. Әр жылдың көктем мезгілінде бағдарламаға өтініш білдіре аласыз. Қатысу тегін. Ең бастысы, дұрыс дайындалған құжаттарды сауатты түрде толтыра білу.

      «Фулбрайт» бағдарламасы.

      «Фулбрайт» – бүгінгі таңда әлемдегі ең танымал және беделді бағдарламалардың бірі. Бағдарлама Дж. Вильяма Фулбрайт 1946 жылы АҚШ халқы мен әлемнің түрлі елдерінен келген адамдар арасындағы өзара келісімді ілгерілету үшін құрылған. Осы бағдарламаның жүздеген түлектері бүкіл әлем бойынша саясатта, білім беру саласында, журналистикада және жеке секторда жоғары қызмет атқарады.

      Фулбрайт бағдарламасы бойынша гранттар ашық конкурс негізінде беріледі. Бұл ең лайықты үміткерлерді адал іріктеуге және осы бағдарламаның мақсатына қол жеткізуге, атап айтқанда, қабылдаушы ғана емес, туған елі үшін үлес қосу жолымен өзара түсіністік пен өзара тиімділікке қол жеткізуге ықпал етеді.

      «Эразмус+» бағдарламасы.

      «Эразмус+» – Еуропалық Одақтың білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт жүйесін жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған бағдарламасы. Ол еуропалық елдер (Бағдарлама елдері деп аталады) арасындағы, сонымен қатар, еуропалық елдер мен бүкіл әлем бойынша серіктес елдер арасындағы барлық осы салалардағы ынтымақтастық үшін қаржылық мүмкіндіктердің ұсынады.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: