Университет оқытушысы «Үздік ұстаз» атағына ие болды



    • Университет оқытушысы «Үздік ұстаз» атағына ие болды

       АЛМАТЫ. 26 мамыр. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану институтының аға оқытушысы Зәуре Арғынбаева республикалық тәуелсіз қоғамдық «Үздік ұстаз» байқауының жеңімпазы атанды.

      Конкурс жүлдегері «Үздік ұстаз» төсбелгісімен және арнайы сертификатпен марапатталды.

      Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі байқауға еліміздегі жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдары мен мектеп мұғалімдері қатысты.

      Өтініш білдіргендер бірнеше категория бойынша іріктеліп, арнайы құрылған комиссияның шешімімен жеңімпаздар анықталды.

      Байқаудың мақсаты – кәсіби іс-әрекетінде жоғары нәтижелерге жеткен шығармашыл ұстаздарды анықтау, олардың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін зерттеу, тарату және кәсіби шеберліктерін арттыруға қолдау көрсету.

      Зәуре Арғынбаева 1999 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Химия және тәрбие жұмысының әдістемесі» мамандығы бойынша бітірген. Ал 2004 жылы аталған оқу орнының магистратурасын «Химия» мамандығы бойынша тәмамдаған.

      Еңбек жолын 2000 жылы Алматы қаласындағы №26 қазақ орта мектебінің химия пәнінің мұғалімдігінен бастаған. 2005-2007 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы, 2011-2014 жылдары Жаратылыстану факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

      Бүгінде Химия кафедрасының аға оқытушысы болып еңбек етеді.

      Отандық және шетелдік білім беру ұйымдары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Көптеген студенттері халықаралық және қазақстандық білім-ғылым сайыстарында жеңімпаз атанған.

      – Студенттердің терең білім алуына көңіл бөле отырып оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуларын қадағалап жетекшілік етемін. Менің еңбегімнің басты нәтижесі – қабілетті студенттермен жүйелі жұмыс, студенттердің олимпиадалар мен ғылыми конференциялардағы көрсеткіштері, – дейді Зәуре Арғынбаева.

      Ол білім беру және маман даярлаудағы қызметі үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Құрмет белгісі» медалімен, «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хаттармен» марапатталған.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: