Диссертация жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алады



    • Диссертация жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алады

       НҰР-СҰЛТАН. 9 сәуір. Баспасөз орталығы – Қазақстанда ғылыми дәрежелер беру ережелері өзгерді. Диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов докторанттардың диссертация қорғау процедурасына қандай өзгерістер енгізілгенін айтты.

      Жаңа ережелерге сәйкес, енді докторанттар ғылыми атағын қорғау үшін диссертация жазбаса да болады. Беделді, рейтингі жоғары журналдарда бірнеше ғылыми мақала жарияласа жеткілікті.

      Алайда диссертация қорғаудың дәстүрлі форматы мүлдем алынып тасталмайды.

      «Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген болатын. Биылдан бастап кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алады. Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек», – деп жазды министр Facebook-тағы парақшасында.

      Ведомство басшысының айтуынша, бұл жаңашылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді. 

      Дегенмен, Аймағамбетов бұл балама әдіс ретінде пайдаланылатынын атап өтті. Докторант бұрынғыдай өз қалауымен дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.

      Сондай-ақ ол диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталатынын мәлімдеді.

      Бұдан бөлек, ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.

      «Яғни, диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар», – деді Аймағамбетов.

      Білім және ғылым министрінің жазбасының толық нұсқасымен мына жерден таныса аласыз.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: