Ұлағатты ғалым ұлықталды



    • Ұлағатты ғалым ұлықталды

      АЛМАТЫ. 30 наурыз. Баспасөз орталығы – Қыздар университетінде ұлағатты ғалым ұлықталды. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Кеңес Нұрпейістің туған күніне орай оқу орны мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздық тарихы және мемлекеттілікті нығайтудың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

      Дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» аясындағы онлайн режімдегі жиын жұмысы 5 бағыт бойынша жүргізілді және басқосу барысында отандық және шетелдік белгілі ғалымдар тағылымды баяндамалар жасады.

      Атап айтқанда, басқосуға қатысушылар «Тәуелсіз Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік және экономикалық реформалар: тарихы және қорытындылары», «Тәуелсіз Қазақстанда орын алған мәдени және рухани өзгерістер: жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз», «Қазақстан Республикасының Конституциялық дамуы. Мемлекеттік билік органдарындағы қайта құрулар мен жаңалықтар», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және халықтың тарихи санасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру барысы», «Қазақстандағы ғылым және оның өзекті мәселелері. Жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және ғылымдағы сабақтастық» аясында тұшымды ойларымен бөлісті.

      Басқосуда саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасов «Рухани жаңғыру – ел болашағының іргетасы», тарих ғылымдарының докторы, Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры Рахбар Муртазаев «Формирование и реализация молодежной политики в условиях обновляющегося Узбекистана», Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайни Шаймерденова «Академик Кеңес Нұрпейіс – қазақ тарихының үлкен тұлғаcы», Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған «Қазақ мемлекеттілігінің тұстарын зерттеу мәселесі: Ұлық Ұлыс-Алтын Орда тарихы» тақырыптарында келелі ойларымен, тың зерттеулерімен бөлісті.

      Сонымен қатар Түркияның Селжүк университетінің профессоры Хасан Бахар латын алфавитіне байланысты өз ойын ортаға салып, қаріпке орай Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара байланыстарды тілге тиек етті.

      Басқосу жұмысының соңында қарар қабылданып, конференцияға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ жарық көретін болады.

      – Конференцияға белгілі қоғам қайраткерлері мен жетекші ғалымдар мен жас тарихшылардың қатысуы – отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері бойынша іргелі ғылыми зерттеулер жүргізген және жоғары білікті ғылыми кадрларды дайындауға белсене қатысқан, қазіргі замандағы Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеген танымал зерттеуші, академик Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми мұрасына деген үлкен қызығушылықтың бар екенін көрсетеді, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

      Кеңес Нұрпейіс 1935 жылғы 15 наурызда Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. 1946-1952 жылдары Алматы қаласындағы № 18 Жамбыл атындағы ер балалар орта мектебінде, 1952-1957 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде білім алған. 1958 жылы Ш. Уәлиханов Тарих, археология және этнография институтына ғылыми қызметке шақырылған білікті маман осы институт қабырғасында өмірінің соңына дейін қызмет етіп, кіші ғылыми қызметкерден белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейінгі қиындығы мен ғылымның қым-қуыт тірлігі қатар өрілген жылдардан өтті. Қыздар педагогикалық институтында ұзақ жылдар бойы оқытушылық қызметпен айналысуы да ғалым өміріндегі тәжірибесі мол жылдардың қатарына енді.

      Кеңес Нұрпейіс  500-ге жуық ғылыми жарияланым мен 20-дан астам монографияның авторы. Ғалымның зерттеулері 1916 жылы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының, 1917 жылы екі революцияның және 1918-1920 жылдарда азаматтық қақтығыстар тарихына, ХХ ғасырда ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихының, саяси қуғын-сүргін және Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің мәселелеріне арналды. Зерттеудің алғашқы нәтижелері ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алған «Алаш һәм Алашорда» монографиясында баяндалған. Оның ғылыми жетекшілігімен 10-нан астам докторлық, 50-ге жуық кандидаттық диссертация қорғалды.

      – «Нұрпейіс оқулары» аясындағы халықаралық жиынға Англия, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің оқытушылары мен қызметкерлері қатысты. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған басқосудың басты мақсаты – тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайту, Қазақстан халқының рухани-мәдени топтасуын, сабақтаса және ілгерілей дамуды қамтамасыз ету, – деп атап өтті Қыздар университетінің Тарих және шетел тілдері институтының қызметкерлері.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: