«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Мадина Ералиева



    • «Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Мадина Ералиева

      АЛМАТЫ. 1 наурыз. Баспасөз орталығы – Мәдина Ералиева Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка факультетін бітірген.

      Мәдина Ералиева 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 2000 жылғы 27 қарашада жол апатынан қайтыс болды. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты.

      М. Есмалайқызы 1974 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка факультетін бітірген. Қызығы мол студенттік шақта Мәдина жас болып елеңдемей, түннің бір уағына дейін институттағы дайындық бөлмесінде көп ізденіп, күйсандықта берілген тапсырма бойынша шығармаларды қайталайтын. Соның нәтижесі болар, зиялы қауым бас қосқан Жазушылар Одағында, Мұхтар Әуезов атындағы мәжіліс залында, сондай-ақ үлкен сахналарда сырнайға қосылып ән салғанда көпшілікті бірден баурап алатын. 1978 жылы Мәдина тұңғыш рет Қазақ теледидарында өткен «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламасына қатысып, Бексұлтан Байкенжиевтің «Ақбаян» әнін тамылжыта орындаған. Осындай бас қосқан жиында үлбіреген ақсары қыз жүрек лүпіліне дауыс сыңғырын қосқан шақта тыңдаушы ерекше күйге түсіп, тағы да айтуын өтінетін. Мәдина бірден өнер жолына түсе қойған жоқ.

      Еңбек жолын 1978 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкерліктен бастайды.

      1985 жылдан бастап ғұмырының соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі ретінде қызмет етті. Ол нәзік те сыршыл үнімен, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Айқаракөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр» сынды халық әндері мен «Кіресің жиі түсіме», «Сағым жылдар», «Күрең күз» сияқты қазақ композиторларының шығармалары күміс көмей өнер иесінің өзіне ғана тән әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, ұлттық нақышымен көзіқарақты қауымның жадында қалды.

      Өмірін өнермен өрнектеген Мәдина Ералиева халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосып, өзіндік бітім-болмысымен халық жадында қалды.

      М. Ералиеваның әкесі Есмалай Ерәлі тарих пәнінің оқытушысы болып ұстаздық еткен көзі ашық азамат болса, анасы тігіншілік өнермен айналысқан.

      2013 жылдың наурыз айында Сыр елінің тумасы марқұм Мәдина Ералиева жайлы кітап жарық көрді. «Қазақтың Мәдинасы» атты туындының авторы – журналист Рауан Тұрғантай. Жинаққа «қазақтың Ақбаяны» атанған күміс көмей әнші М. Ералиеваның шығармашылығы мен отбасы жайлы естеліктер  топтастырылған.  Ән салса, таңдайынан бал тамған қазақтың ерке әншісі марқұм Мәдина Ералиева ғұмырының соңғы жылдарында «Күрең күз» әнін шырқаған болатын. Халық жүрегінен орын таба білген бұл әнмен дүлдүл әнші Мәдина өмірімен қоштасқандай болды. «Күрең күз» әні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған. Авторы – күйші, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

       

      Бөлісу: