«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Бейбіткүл Кәрімова



    • «Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Бейбіткүл Кәрімова

       АЛМАТЫ. 16 ақпан. Баспасөз орталығы – Бейбіткүл Кәрімова – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры, филология ғылымдарының кандидаты. 1972 жылғы 2 тамызда Алматы облысының Кеген ауданында дүниеге келген. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бағамен тәмамдаған.

      Бейбіткүл Кәрімова 1972 жылғы 2 тамызда Алматы облысының Кеген ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Нарынқол ауданы Қараса ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіреді. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын «Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтаған.

      Еңбек жолын 1995 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты Филология факультеті деканының орынбасары, Орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы қызметінен бастаған. Институт алғашқылардың бірі болып кредиттік жүйеге көшкен уақытта жас маман факультет бойынша оқытудың кредиттік жүйесіне негізделген оқу жоспарларын жасауға атсалысты. Б. Кәрімова өзінің іскерлігінің арқасында үнемі алдыңғы қатардан көрініп, институт ішіндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Осы жылдарда «Ең үздік деканның орынбасары» атағына ие болды. Салалық министрлік тарапынан құрылған аттестациялық комиссияларға мүше болды.

      2003-2008 жылдары Алматы үздіксіз білім беру университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 2008-2011 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінің директоры, 2011-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметтерін абыроймен атқарды.

      2020 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры қызметінде.

      Бейбіткүл Сарсемханқызы –  іскер басшы ғана емес, сондай-ақ тіл білімінің өзекті мәселелерін зерттеумен айналысып жүрген білікті ғалымның бірі де. Ол тіл білімі, салыстырмалы грамматика, заманауи қазақстандық саясаткердің тілдік тұлғасы мәселелері, оқулықтану саласы бойынша бірқатар зерттеулер жүргізді. Оның авторлығымен 80-нен астам ғылыми еңбек жарық көрді. Соның ішінде 2 монография, 16 оқулық пен оқу құралы, 4 сөздік және 20-ға жуық мақала шықты.

      Бейбіткүл Кәрімова 2006 жылы «Қазіргі саясаткердің тілдік тұлғасы (Қазақстандағы орыс тілді публицистика материалдары негізінде)» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атағына ие болды.

      Б. Сарсемханқызы іргелі зерттеу жұмыстарына да қатысып, отандық ғылымның дамуына да өзіндік үлесін қосуда.

      Оның жетекшілігімен «Мектеп оқулығы: қазіргі жағдайы мен дамуы» ұжымдық монографиясы, «Оқулықтану бойынша анықтамалық-сөздік», «Оқулық: жобалау және сараптау»,  «Әлемдік оқу басылымдары: негізгі тенденциялар», «Оқулық инновациялық білім беру ортасы жағдайында: жаңа талаптар», «Мектеп оқулығы моделінің тұжырымдамалық негіздері» сынды 40-тан аса ғылыми еңбек, соның ішінде бірнеше жоғары импакт-факторлы мақалалар жарық көрді.

      Көпжылдық қызметі мен білім саласына қосқан үлесі салалық министрлік тарапынан жоғары бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальдарымен және  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: