3 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды



    • 3 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды

      АЛМАТЫ. 25 қаңтар. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3 ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды.

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған байқау қорытындысы бойынша Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры Жарқынбике Сүлейменова, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры м. а. Ғазиза Шойбекова және Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а. Роза Садықова үздік деп танылды.

      Бұған дейін «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын тағайындау қағидасына сәйкес университет оқытушылары арасында бірнеше кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылған болатын. Арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша 7 оқытушы республикалық конкурсқа ұсынылған еді. Соның ішінде үшеуі барлық талаптар бойынша үздік атанып, жеңімпаз атанды.

      Сайыс қорытындысы бойынша атақ иегерлеріне арнайы куәлік пен 2 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік грант тағайындалады.

      Атап өтетін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары оқу орнының оқытушыларын қолдау, біліктіліктерін арттыру және кәсіби тұрғыдан өсулері үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызу мақсатында арнайы конкурс ұйымдастырып, грант тағайындау идеясын ұсынған болатын.

      Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау оқытушылардың педагогикалық және ғылыми әлеуетiн iске асыруына зор ықпал еттi.

      Байқаудың міндеті – отандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының кәсіби-педагогикалық мәдениетін, оқу-әдістемелік және тәрбиелік деңгейін көтеру. Сонымен қатар өзіндік кәсіби жетілудің жағымды жағдайын жасау арқылы ұстаздардың ғылыми мәртебелік белсенділігін арттыру, оқытушылардың болашақтағы кәсіби даму мотивациясын жоғарылату да конкурс мақсаттарының бірі.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны:+7 727 237 00 07

      e-mail:kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: