Университет ректоры жаңа жылмен құттықтады



    • Университет ректоры жаңа жылмен құттықтады

       АЛМАТЫ. 31 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова оқу орнының ұжымы мен студенттерін жаңа жылмен құттықтады.

       

      Құрметті әріптестер!

      Қымбатты достар!

      Баршаңызды табалдырығымызды аттағалы тұрған жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

      Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген ұлағатқа айналған сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл біз үшін берекелі де жемісті болды. Бірліктің бесігіне, татулықтың тұтқасына айналған еліміз дамудың жарқын белесіне көтерілді. Экономикамыз нығайып, әлеуметтің әлеуеті артты.

      Біз жаңа жылға үкілі үмітпен қарап, тың мақсат-міндеттер белгілейміз. Әз халқымыз оны қашанда биік көңілмен, кемел пейілмен ерекше қарсы алады. Бұл жыл да Қазақ елінің жылнамасының жарқын беттеріне жазылатын жаңа кезеңнің жалғасы болады деп сенемін.

      Қадірменді қауым!

      XXI ғасыр – кәсіби біліктілік пен ой-өрісі жоғары мамандардың ғасыры. Жаңа мыңжылдықтың қояр талабы – биік. Баршамыз осы талап үдесінен толықтай шығып, ерен еңбек етіп, зерек те зейінді, алғыр да талантты, интеллектуалды қабілеті мықты болатындарыңызға сенімім кәміл!

      Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы баршаңыздың шаңырақтарыңызға табыс пен ырыс әкелсін! Дендеріңізге саулық, істеріңізге толағай табыс тілеймін!

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: