QyzPU ғалымдарына министрдің марапаттары табысталды



    • QyzPU ғалымдарына министрдің марапаттары табысталды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ғылым қызметкерлері күніне және Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті.

      Университетте 11 сәуір күні «Ғылым декадасы – 2024» басталды және іс-шаралар 26 сәуірге дейін жалғасады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ғылымның дамуына үлес қосқан ардагерлерге арналған марапатын Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев табыстады

      Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай университет ғалымдарының ғылыми жетістіктерін атап өтіп, зерттеушілердің, оның ішінде жас ғалымдардың әлеуетін жоғары бағалады. Университетте ғылыми қызметті дамытудың маңыздылығына тоқталды. Министр Саясат Нұрбекұлының атынан «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар «Студенттік ғылымды дамытушы», «Ғылымды кеңінен насихаттағаны үшін», «Белсенді жас ғалым», «Адал ғалым», «Көп дәйектелген мақала авторы», «Хирш үздігі», «Көшбасшы – ғалым» номинациялары бойынша марапатталған үздік ғалымдарға 100 мың теңге және 250 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал Институттар университеттің Ғылыми-зерттеу жұмыстарының 2023 жылғы қорытындысы бойынша марапаттарға ие болды. 

      Салтанатты шарада 12 сәуір күні жобаларды ішкі қаржыландыру конкурсы және Startup жобалар конкурсы жарияланатыны хабарланды.

      Құрметті университет ғалымдары! Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз. Тың бастамаларыңыз бен жобаларыңыз, бірегей зерттеулеріңіз көп болсын!

      Бөлісу: