Qyzpu жас ғалымы көптен күткен қоныс тойын атап өтуде



    • Qyzpu жас ғалымы көптен күткен қоныс тойын атап өтуде

      8 жылдан бері Алматыда бөлме жалдап тұрған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымы Бану Диярова өзінің жаңа үйіне көшіп барды. Химия ғылымдарының магистрі «Жас ғалым» мемлекеттік бағдарламасының арқасында баспаналы болды. Қуаныштан төбесі көкке жеткен оқытушыны ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Жұмақұлов пен Ғылым департаментінің директоры Мөлдір Әбдірайымова қоныс тойымен құттықтап, «жаңа үйдің іші тәтті күндерге толсын» деген ырыммен шашу шашты.

      Ал Бану Диярованың қуанышында шек жоқ. Жас ғалым бұған дейін «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша бір емес, екі мәрте баспаналы болуға өтініш қалдырған екен. Бірақ екеуінде де өте алмай қалған. Салы суға кеткен оқытушы содан үйлі болудан үмітін үзген. Алайда мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» бірлесіп, «Жас ғалым» бағдарламасын іске қосады.

                                                      

      «ҚР Ғылым және жоғары білім және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне «Жас ғалым» бағдарламасы арқылы үй алуыма қолдау білдіргендеріне көптен-көп рахмет айтамын және ғылым жолында көптеген үлестеріміз болады деп сенемін», – дейді Бану Диярова.

      Бану Маралбекқызының енді баспана мәселесіне толғанбай, алаңсыз докторлық диссертациясымен айналыса берсе болады. Қазір ол күріш және мұнай қалдықтарын ағын суларды тазалауда қолданылатын адсорбентке өңдеуді зерттеп жатыр. Бұған дейін химия ғылымдарының магистрі Көк-сағыздың жер үсті бөлігінен биологиялық белсенді заттарды бөлу және құрамын құрылысын зерттеу, полифенол мен флаваноидтарды Көк-сағыздан бөлудің әдістерін зерттеп, оң нәтижеге қол жеткізген.

                                                                                

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымы Бану Диярованың арманы – ғылымды өндіріске енгізіп, Қазақстанның Менделееві атану.

       

      Бөлісу: