QYZPU-дің қос бірдей профессоры төсбелгімен марапатталды



    • QYZPU-дің қос бірдей профессоры төсбелгімен марапатталды

      Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләззат Әділбекова мен педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарқынбике Cүлейменова Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрметті марапатын ғалым-ұстаздарға ректор Гүлмира Қанай табыстады.

      Ләззат Әділбекова 1991 жылдан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор м.а. қызметтерін атқарып келеді. 2003-2008 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие істері жөніндегі проректоры, 2008-2010 жылдары Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің Ғылым және халықаралық істер жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректорының баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған.

                                                    

      Халықаралық ғылыми журналдарда, республикалық баспасөз бен түрлі дәрежедегі конференцияларда, телерадиоларда қазақ әдебиеттану ғылымы мен жастар тәрбиесіне қатысты үздіксіз мақалалар мен материалдар жариялап келеді. 2004 жылы жастарға ұлағатты тәрбие беруде сіңірген еңбегі үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған.

      Жарқынбике Cүлейменова – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, екі мәрте «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. Ғалымның зерттеулері жоғары білім беру жүйесі мен орта мектептің өзекті мәселелеріне, қазақ тілінен білім беру мазмұнын анықтауға, жоғары мектепте қазақ тілі мамандарын сапалы даярлаудың әдіснамалық, әдістемелік мәселелерін зерделеуге,  қазақ тілі морфологиясын оқытудың теориясы мен тәжірибесіне, оқытудың жаңа технологиялары мен жаңа әдістемелік тәжірибелерін жинақтауға, сонымен қатар Қазақстан Егемендігін алған тұста қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, оны оқытып-үйретудің теориялық-әдістемелік негіздерін айқындауға байланысты басқа ұлттарға қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелік қырларын зерттеп-зерделеуге арналады.

      Бөлісу: