Англияның белгілі ғалымы QYZPU-ға келді



    • Англияның белгілі ғалымы QYZPU-ға келді

      Белгілі британдық ғалым Дэвид Фрост Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келді. Фрост әлемге әйгілі HertsCam Network желісінің директоры және Кембридждегі Вулфсон колледжінің құрметті ғылыми қызметкері. Британдық профессорды ректор Гүлмира Қанай құрметпен қарсы алды. Фрост университет оқытушылары мен профессорларына «Мектептер мен педагогикалық университеттер ынтымақтастығын қалай тиімді дамыту керек» деген тақырыбы терең семинар өткізді.

                                                

      Ғалыммен кездесу Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті профессорлық-оқытушылық құрамы үшін маңызды оқиға болды және Қазақстан мен Ұлыбританияның білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайта түсті деуге болады. Өйткені Фрост ұзақ жылдар бойы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған нәтижелі зерттеулер жүргізген.

                                                                                

      Белгілі ғалым қызметін қарапайым мектеп мұғалімі болып бастаған. Содан университетте оқытушы болып, 1980 жылдардан бастап мұғалімдерге арналған стратегияларды ойлап тапқан. Одан бөлек Фрост мұғалімдердің көшбасшылық қасиеттерін насихаттап жүр.

                                

      Фрост басқаратын HertsCam желісі - тәуелсіз коммерциялық емес ұйым, ол мұғалімдердің көшбасшылығын қолдау арқылы білім беруді өзгертуге ұмтылады. Ұйым 1990 жылдары Кембридж университеті мен Хартфордширдің жергілікті білім басқармасы арасындағы серіктестік негізінде пайда болды. Уақыт өте келе желі одан әрі тәуелсіз болып, ұлғая түсті. Ал 2013 жылдан бастап HertsCam-ды толығымен мектептер мен мұғалімдер басқарады.

                                                                                

       

      Бөлісу: