QYZPU оқытушылары әріптестеріне білім берудің жаңа моделін үйретуде



    • QYZPU оқытушылары әріптестеріне білім берудің жаңа моделін үйретуде

      Алматының мықты деген жоғары оқу орындарының 64 оқытушысы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде білім берудің жаңа әдісін үйренді. Атап айтқанда, қыздар университетінің арнайы дайындықтан өткен спикерлері оларға педагогикалық білім берудің жаңа моделін үйретті. Оқытудың жаңа моделі «Педагогикалық білім беру моделдерін жүзеге асыру және мазмұнын жетілдіру» KZEMP/DS-02 атты арнайы жоба аясында іске асуда. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Дүниежүзілік банк елдегі білім саласын тағы бір сатыға көтеру мақсатында өзара келісіп бастаған болатын. Финляндиядағы Хяме қолданбалы ғылымдар Университеті (НАМК),  JAMK Қолданбалы ғылымдар Университеті мен Назарбаев Университеті дербес білім беру мекемесінің үздік сарапшылары аталмыш жобаның кеңесшілері екендігін айта кетейік.

      Арнайы оқуға SDU University, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, Қазақ спорт және туризм академиясының, Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің педагогтары қатысты. Бес күн ішінде олар қазіргі заманғы педагогикалық тәсілдерге негізделген педагогикалық білім берудің жаңа моделін енгізуді үйренді.

                                                    

      Ал оларға сабақты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова, Педагогика және психология институтының директоры Гүлжан Оразаева және академиялық бағдарламаларды әзірлеу бөлімінің басшысы Мария Қабышева өткізді. Айта кетейік, бұған дейін олар арнайы дайындықтан өтіп, Қазақстан бойынша ең мықты 50 спикерлердің бірі болды.  

                                                                               

      "Педагогикалық білім берудің жаңа моделі білім сапасын арттыруға және студенттерде қазіргі әлемде табысты өмір сүру мен жұмыс істеуге қажетті негізгі құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған. Біз өз біліміміз бен тәжірибемізді басқа жоғары оқу орындарындағы әріптестерімізбен бөлісіп, оларға өз университеттерінде педагогикалық білім берудің жаңа моделін енгізуге көмектесуге қуаныштымыз", - деді академиялық мәселелер жөніндегі проректор Еркін Жұманқұлова.

                                                      

      Педагогикалық білім берудің жаңа моделі келесідей элементтерден тұрады: студентке назар аудару, заманауи педагогикалық тәсілдерді қолдану және сыни ойлау мен креативтілікті дамыту. Студент білім беру процесінің белсенді қатысушысы, ал оқытушы оған білім мен дағдыларды игеруге көмектесетін фасилитатор рөлін атқарады. Педагогикалық білім берудің жаңа моделінде проблемалық оқыту, жобалық оқыту, ынтымақтастықта оқыту және басқалары сияқты тәсілдер қолданылады. Студенттердің сыни ойлау қабілеті мен креативтілігін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

                                                                                 

      Айта кетейік, педагогикалық білім берудің жаңа моделі бойынша оқыту бүкіл республика бойынша жүргізіледі. Оған еліміздің түрлі университеттерінен 1800 педагог қатысуда. Осылайша, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақстандағы білім беруді дамытуға өз үлесін қосып, болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға атсалысуда.

       

      Бөлісу: