3 мыңға жуық ару студент қатарына қабылданды



    • 3 мыңға жуық ару студент қатарына қабылданды

      Еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаз болу арманын үкілеп, Орталық Азиядағы жалғыз арулардың оқу ордасы саналатын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне құжат тапсырған 3 мыңға жуық қыз ресми түрде студент атанды. Студенттер қатарына қабылдау салтанатты кеші Алматының төрінде орналасқан "Sadu Arena" спорт кешенінде болды.

                                                                                

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай студенттер қатарына қабылдау күні ерекше сұлулана түскен болашақ педагог қыздарға оқуда озат болып, алдағы студенттік жылдарына үлкен жетістіктер мен беделді маман атануларын тіледі. Салтанатты шарада қалыптасқан дәстүр бойынша бірінші курс студенттеріне студенттік билет пен білім кілті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің символына айналған тұмар табыс етілді. Осылайша жоғары курс студенттері ізін басып келе жатқан жастарға ақ тілектерін жаудырып, ұстаздық жолдарының ашық, жарқын болуына ниеттес екендіктерін білдірді.

                  

      Кештің ең жарқын сәттерінің бірі – студенттердің вальсі болды. Аққудай таранған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің арулары ҚР ҰҚК Шекара академиясының курсанттарымен бірге вальсте ақ қауырсындай әдеміленіп, жиналған көпшіліктің таңдайын қаққызып биледі. Қыздарды студенттер қатарына қабылдануымен құттықтау үшін бұл күні "Sadu Arena"-ға 200 курсант арнайы әскери сәнімен киініп келген еді.

                                           

      Мерекелік шарада Нұрасыл Ақылбек, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Қабдол Тлеков, Qanay, Ердаулет Мұратұлы, Axallek, Ерасыл Жексен, Бейбарыс Садық, Елдос Жанұзақ, Даулет Марат, Ернар Амандық сынды жастардың сүйікті эстрада әншілері өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды. Ал шараны белгілі жүргізушісі Оңдасын Дінмұхаметұлы жүргізді.

                                                                       

      Студенттер қатарына қабылдау кеші барысында ұтыс ойнатылды. Бас жүлде – Айфон 15 болды. Бұдан бөлек студенттер арасында бағалы сыйлақтар, гаджеттер де ойнатылды. Көңілді мереке би кешіне ұласты.

       

      Бөлісу: