QYZPU студенттерінің қолөнері Гонконг білім беру университетінің президентін тәнті етті



    • QYZPU студенттерінің қолөнері Гонконг білім беру университетінің президентін тәнті етті

      Гонконг білім беру университетінің президенті Джон Ли Чи Кин Қазақстанға ресми сапары барысында арулардың ақ ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде болып, үлкен әсерде қалды. Атап айтқанда, мәртебелі мейманды студенттердің қолдан жасаған бұйымдары мен салған картиналары тәнті етті.

      «Студенттер осыншалықты дарынды болады деп ойламаппын!» – деді ол «Дара» арт галереясының табалдырығынан аттаған бойда. Сонау Гонконгтан келген қонақ өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасына салу үшін студенттердің картиналарын жалма-жан суретке түсіріп алды.      

                                                                                 

      Джон Ли Чи Кин Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы тұнған музейді де аралады. Онда соғыс жылдары құрылған оқу ордасында еңбек еткен қазақ зиялыларымен танысып, біраз жайттан хабардар болды. Келесі жылы 80 жылдығы тойланғалы жатқан арулардың ақ ордасына Гонконг өкілі ізгі тілегін айтып, оны қонақтар кітапшасына жазып қалдырды.

                                                             

      Кішігірім экскурсиядан соң Гонконг білім беру университетінің президенті мен оның орынбасары Синг Кай Ло студенттермен естелікке суретке түсіп, жастарға ғылым мен жоғары білімді игеруде үлкен жетістіктер тіледі.

                                                                                  

       

      Бөлісу: