Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтайды



    • Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтайды

      Құрметті ұлағатты ұстаздар! Қадірменді әріптестер! Құрметті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлектері! Баршаңызды Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

      «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп қазақтың ақиық ақыны, педагог Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазақ халқы қашанда ұстазын сыйлап, құрметтеген ел. Ұстаздар қауымы – ұлт тәрбиешісі, ел келбеті, жарқын келешегіміздің кепілі. Ұлтымыздың мақтан тұтар тұлғалары қандай жетістікке жетсе де, бірінші кезекте, әрине, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Бәрімізде ұстаздан нәр алып, арманның асқарына ұмтыламыз!

      Соңғы 40 жылда жүргізілген әлемдік зерттеулер білім беру жүйесінің сапасы ұстаздың сапасына тікелей тәуелді  деген ойды алға тартады. Яғни әрбір оқушының оқудағы жетістігі – ұстазының ізденімпаздығы мен жауапкершілігінің нәтижесі. Сонымен қатар білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан реформалардың да сәтті іске асуы – ұстаздардың оны қабыл алып, сыныпта іске асыра алу қабілетіне тікелей тәуелді.

      80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы уақытқа дейін еліміздің шалғай өңірлерінде орналасқан мектептерге 70 мыңнан астам ұстаз даярлап берді. Қыздардың парасатты білім ордасынан түлеп ұшып, елдің тарихына, мәдениетіне, ғылымына, өнеріне елеулі үлес қосқан түлектерімізді осы мерекеде ерекше атап өткім келеді!

      Есімі елге белгілі Рафиқа Бекенқызы Нұртазина – Социолистік Еңбек Ері, Алматыдағы көптілдік саясатын алғаш болып енгізген атақты №12 мектебінің тұңғыш директоры, Қазақстанның халық ақыны, қазақтың айтыс өнерін дамытуда үлкен үлес қосқан университетіміздің белгілі түлегі –  Әсия Беркенова, білім саласында жарқын із қалдырған, еліміздегі жалғыз дидакт болған, педагогика ғылымдарының докторы Мақпал Жадрина, қазақ музыка білімінде өзіндік орны бар, әнші, сырнайшы композитор, атақты Айгүл ансамблінің негізін қалаушылар – Ағайша Исағұлова, Галина Қарамолдаева, педагогика ғылымдарының докторы Сақыпжамал Ұзақбаева, қоғам қайраткері, тіл жанашыры – Оразкүл Асанғазы. Қарапайым мұғалімнен Білім және ғылым министрі атанған – Шәмша Беркімбаева және тағы да көптеген ұлағатты ұстаздар қарашаңырақ қабырғасынан түлеп ұшып, сан мыңдаған шәкірттер тәрбиелеген.

      Осындай біртуар нәзік жандарды тәрбиелеп шығарған, профессорларымыз бен оқытушылармызға мың алғыс!

      Бүгінде Университетіміз аттары әлемге әйгілі профессорларын ерекше құрметтеп, мақтан тұтады. Олар: педагогика ғылымдарының докторы Қазына Аймағамбетова, психология ғылымдарының докторы Қорлан Тоқтамысқызы Шариязданова, техника ғылымдарының докторы Рысбек Баймахан ағамыз, техника ғылымдарының докторы Әжімұқан Жамалов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Құлманова, құрметті ардагер Бурунчин Мұрат Мінайдарұлы, құрметті ардагер Дина Әбдіқадірова, физика ғылымдарының докторы Ершина Айнагүл Қапасқызы, географ-ғалым Карменова Нурсипа Нурсановна.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қабырғасында рухани парасаттылығы биік, жоғары білікті мамандарды тәрбиелеген, «Ұстаздар ұстаханасының» абыройын биіктеткен ардагер ұстаздарымызға ұзақ жылдарғы қызметтеріңіз үшін осы мерекеде мың алғыс айтқым келіп отыр!

      Сонымен қатар бүгінде Университетімізде қызмет етіп жатқан барлық профессорлық-оқытушылық құрам, Институт директорлары, директор орынбасарлары мен бағдарлама көшбасшылары және барлық әріптестеріме алғыс білдіре отырып, мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

      Құрметті әріптестер, Ұстаздар күні мерекесі құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, үлкен жетістіктер тілеймін! Шәкірттеріңіз ұлы тұлғаға айналып, абыройларыңыз биіктей берсін!

                                                                                    

       

      Бөлісу: