Пучон университеті QYZPU-мен әріптестік қарым-қатынас орнатқысы келеді



    • Пучон университеті QYZPU-мен әріптестік қарым-қатынас орнатқысы келеді

      Корея Республикасындағы алдыңғы қатарлы оқу ордаларының бірі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен әріптестік қатынас орнатқысы келеді. Бұл туралы ректор Гүлмира Қанайдың Ташкенттегі Пучон университетінің проректоры Сонг Ю Джинмен кездесуі барысында белгілі болды.

      «Біз Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді, соның ішінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәжірибесі бізді қызықтырады», – деді Сонг Ю Джин ректормен кездесуде. 

      Пучон университетінің делегациясы өз тарапынан QYZPU студенттеріне корей тілін онлайн немесе офлайн форматта оқытуды ұсынды. Ташкенттен ат арылтып келген мәртебелі меймандар Кореядағы Пучон университетінің тарихы мен олардың Ташкенттегі білім саласына қосып жатқан үлестерін айтып берді. Түбектегі жоғары оқу орнына биыл 65 жыл толған екен. Ол стипендия белгілеуден Сеулдегі университеттер арасында үшінші орында және бүгінде әлемдегі 15 мемлекетпен тығыз байланыста жұмыс істейді.

      Гүлмира Қанай өз кезегінде қонақтарды QYZPU-дың сұрапыл соғыс жылдары құрылғандығы және шалғай ауылдардағы білімді дамытудағы атқарған рөлі жайлы жан-жақты мағлұмат берді.

      «Алдағы жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 80 жыл толады. Университеттің құрылғанына ғасырға жуық уақыт болса да, біз өз философиямызды әлі күнге дейін сол қалпында сақтап келеміз», – деді Гүлмира Қанай.

      Кездесу барысында ректор мектепке дейінгі білім беру саласында тәжірибе алмасуды ұсынды. Гүлмира Қанайды корей университетінің ғылым, білім беру, тіл меңгеру, сондай-ақ оқытушылардың білім сапасын бағалау мен студенттерді жұмысқа орналастырудағы тәжірибесі қызықтырады. QYZPU өзінің мектепке дейін білім беру кафедрасын мақтан тұтады. Осы саланы дамытуда қазіргі кезде АҚШ-пен келіссөздер жүріп жатыр. Атап айтқанда, QYZPU мұғалімдерді даярлаудың барлық деңгейін қамтығысы келеді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар меморандумға қол қоюға келісті. Яғни QYZPU болашақта студенттерін Ташкенттегі Пучон университетіне оқуға жіберуі мүмкін. Айта кету керек, QYZPU студенттері корей тілін меңгеруге қатты қызығып жүр. Осыны ескере келе, университет биыл тұңғыш мәрте оларға осындай мүмкіндік берді. Бұған дейін екі шет тілі мамандығының иегерлері түрік немесе қытай тілін таңдайтын.

                                                                           

       

      Бөлісу: