«Болашақ ұстаз тұлғасының кәсіби дамуы» атты республикалық семинар



    • «Болашақ ұстаз тұлғасының  кәсіби дамуы» атты республикалық семинар

      Бүгін  Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Кәсіптік білім» кафедрасының ұйымдастыруымен «Болашақ ұстаз тұлғасының кәсіби дамуы» атты студенттер мен магистранттар арасында Республикалық ғылыми онлайн-семинар өтті.

      Еліміздің ертеңі жастардың қолында деп бекер айтылмаса керек. Өйткені көзі ашық, көкірегі ояу, санасы еркін, мәдениет дүниетанымы кең жастары бар, білім мен ғылымы дамыған ел ғана өркениеттің керуен көшіне ілесе алады. Алдыңғы қатарлы дамыған елдермен терезесі тең, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті мемлекет болуымыз үшін білім мен ғылымды дамытуымыз керек.

      Осы мақсатты  іске асыру мақсатында  ұйымдастырылған ғылыми семинарға кафедраның бағдарлама көшбасшысы, өнертану кандидаты, профессор м.а. Крыкбаева Сара Мукашевнаның бастауымен профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты.

      Ғылыми семинардың мақсаты – болашақ мұғалімдердің білім, білік, дағдыларын педагогикалық іс- тәжірибе арқылы кәсіби шеберлікке дайындаудың  теориялық негізін және әдістемелік жүйесін анықтау болып табылады.

      Семинарды Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Аширбекова Жамал Базыловна алғы сөзбен ашса, Академиялық бағдарламаларды әзірлеу бөлімінің басшысы Кабышева Мария Олеговна да сөз алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

      Семинар тақырыбының мақсатында қарастырылған болашақ ұстаз тұлғасын дамыту, ғылыми мәдениетін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылап, пікір алмасуға  еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттері қатысты. Атап айтсақ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 7М01405-Бейнелеу өнері және сызу БББ-ның магистранты Хажиханова Махтуна Рустамқызының  «Болашақ өнер мамандардың кәсіби шеберлігі мен мәдениеті» атты мақаласы мазмұны мен кәсіби шеберліктің болашақ ұстаз бойына дарытудың өзектілігіне сипаттама берсе, Сымбат Дизайн және технология институтының  7М01401 Кәсіптік оқыту БББ-ның магистранты Бегалиева Мөлдір Ильясқызы «Болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін ұлттық өнер арқылы қалыптастыру» атты мақаласында ұлттық өнердің ролі мен ықпалы туралы қызықты ақпарат берді.Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенті  Қалымбетова Жанерке Сайлаубекқызының «Эко дизайн Қазақстан өндірістік дизайнының креативтік индустриясы дамуының факторы ретінде: теория және практика», ҚазҰҚПУ,  6В01402 Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау БББ-ның студенті Шохан Айымның «Заманауи ұстаздың цифрлық құралдарының ерекшеліктері» тақырыбындағы мақаласы тыңдаушылардың қызығушылығын туғызып, өзіндік пікірлерімен ұсыныстарын білдірді.

      Семинар барысында қатысушылар ғылыми мақалаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп,  көтерген тақырыптары  төңірегінде  ұсыныс-пікірлерін білдірді.

      Бөлісу: