ҚАЗАНАМА: Есқалиев Мұрат Есқалиұлы



    • ҚАЗАНАМА:  Есқалиев Мұрат Есқалиұлы

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы техника ғылымдарының докторы, профессор Есқалиев Мұрат Есқалиұлының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады. 

      Есқалиев Мұрат Есқалиұлы 1942 жылы 20 маусымда қазіргі Абай облысы, Көкпекті  ауданы, Маметек ауылында дүниеге келген. Мұрат Есқалиұлы 1965 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Орта мектептегі жалпы техникалық пәндердің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1975-1978 жылдары Ғылым академиясы сейсмология институтының аспиранты болған. 1981 жылдың 29 маусымында кандидаттық диссертациясын қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған. 1989 жылы Кеңес Одағы Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялау комиссияның (ЖАК) шешімімен М.Е.Есқалиевке аға ғылыми қызметкері атағы берілген. 1998 жылы    1 шілдеде докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған.

      Еңбек жолын 1965-1968 жылдары орта мектептен бастап, кейіннен педучилищеде оқытушы, 1969-1974 жылдары Павлодар индустриалды институтында оқытушы, 1975-1978 жылдары Ғылым академиясы сейсмология институтының аспиранты, 1978-1998 жылдары Ғылым академиясы сейсмология институтының кіші ғылыми қызметкері,  аға ғылыми қызметкері және бөлім меңгерушісі болған. 1998 жылдан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде кафедра меңгерушісі, кейіннен профессорлық қызметте жұмыс атқарған. Есқалиев Мұрат Ескалиұлының 100-ден астам ғылыми мақалалары республикалық, халықаралық конференцияларда және басылымдарда жарық көрген.

      1999-2011 жылдар аралығында докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі болып,  2004 жылы Қазақстан Республикасының «Теориялық қолданбалы механика» Ұлттық комитетінің мүшелігіне, кейіннен президиум мүшелігіне сайланған. Механика ғылымын датымудағы еңбегі үшін осы комитеттің шешімімен академик Ж.С.Ержанов атындағы алтын медальмен марапатталған.

      Мұрат Есқалиұлы туралы мәлімет «Қазақстан жерінің зиялы азаматтары» кітабына енгізілген. Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрілігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдық мерейтойына орай «Құрмет белгісі» медалімен марапатталған.

      Бөлісу: