ХІV Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өтті



    • ХІV Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өтті

      АЛМАТЫ. 20 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Бүгін қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша студенттер арасында ХІV Республикалық пәндік олимпиадасы өтті.

      Студенттік пәндік олимпиада Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты «Кітапханатану және библиография» кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.  

      Айта  кетсек, Кітапхана ісі білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлау республика бойыншы ең алғаш Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінде  1956 жылы қыркүйекте институттың тіл және әдебиет факультеті жанынан ашылған болатын.  Кітапханатану кафедрасының алғашқы меңгерушісі, әрі кітапхана факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент – Әліпбек Жөкебайұлы Жөкебаев болды. Биылғы оқу жылында Кітапханатану және библиография кафедрасына 65 жыл толып отыр.

      Осы  айтулы  датаға  дөп келген олимпиаданың  мақсаты білім беру үдерісінде инновацияларды іздеу және жүзеге асыру, кітапханашылардың кәсіби батылдығы мен дербестігін дамыту, болашақ мамандардың  дарыны мен қабілетін анықтау.

      Олимпиадаға  еліміздің оңтүстік,  батыс  аймақтарынан және Алматы  қаласынан барлығы  4 команда  сайысқа  түсті:

      Командалардың сайысқа  шығу  реті    жеребе    арқылы  жүзеге асты.

      ІІІ турдан тұратын сайыс  ережесінде  командалар   өзін-өзі  таныстыру, сұрақ-жауап , кітапхана қызметіне байланысты ғылыми жоба жасау және қорғау арқылы додаға  түсті.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры – Бақытжамал Қайырбекқызы  Төрағалық  еткен  әділқазы алқалары  сайыскер  топтардың  креативтілігіне, инновациялылық, ақпараттық технологияларды пайдалануына, эрудициясына, тапқырлығына, білім деңгейіне,  тез шешім қабылдай білу қасиеттеріне  қарай  бағалап,  шешім  шығарды.

      Сайыс  нәтижесі  бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Smart librarian» командасы (Алматы) жүлделі  І орынды  иеленсе,  Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік университетінің     «Ақжайық аманаты» командасы (Орал) ІІ орынға ие  болды.  Жүлделі  ІІІ орынды  «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» Smart girls командасы (Алматы қаласы) мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті  Soul Guide (Соул ГИД) командасы (Шымкент қаласы) өзара  бөлісті.

      Барлық команданың  жетекшілері  Алғыс  хатпен  марапатталып, әрбір   қатысушыға  сертификат берілді. Қонақтар білім  ордасының  өнерлі  жастарының  концерттік  номерлерін тамашалап, естелік  фотосуретке  түсіп тарасты.

      «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша студенттер арасында ХІV Республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз!

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: