Университет ректоры жаңа жылмен құттықтады



    • Университет ректоры жаңа жылмен құттықтады

      АЛМАТЫ. 31 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай оқу орнының ұжымы мен білім алушыларын жаңа жылмен құттықтады.

       

      Құрметті әріптестер!

      Қымбатты достар!

      Баршаңызды табалдырығымызды аттағалы тұрған жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

      Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген ұлағатқа айналған сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл 80 жылдық тарихы бар Университетіміз үшін көптеген өзгерістер мен жаңалықтарға толы жыл болды.

      Біздің Университет – еліміздің ең үздік педагогикалық оқу орындарының бірі.

      Мұнда білім алушыларға сапалы білім алу мен тұлғалық даму үшін барлық жағдай жасалып отыр.

      2021 жылы Университет ұлттық рейтингтерден бөлек, әлемдік рейтингтерде де өз позициясын нықтап, жоғары сатыға көтерілді.

      Бүгінде соңғы талаптарға сай оқу үдерісі жолға қойылуда, білікті ұстаз мамандарын даярлау жолында ауқымды істер атқарылуда.

      Биылғы жылы біз көп іс атқардық, біз бірге барлық қиындықты жеңе білдік. 

      Университетіміздің жетістігі тек Сіздермен бірге жасалады, құрметті әріптестер! 2021 жылы бірлесе атқарған жұмыстарымыз үшін барлығыңызға шынайы алғыс айтамын.

      Біз жаңа жылға үкілі үмітпен қарап, тың мақсат-міндеттер белгілейміз. Халқымыз оны қашанда биік көңілмен, кемел пейілмен ерекше қарсы алады.

      Бұл жыл да Қазақ елінің жылнамасының жарқын беттеріне жазылатын жаңа кезеңнің жалғасы болады деп сенемін.

      Қымбатты әріптестер!

      Жақсылықтың жаршысы болған жаңа жыл баршаңыздың шаңырақтарыңызға табыс пен ырыс әкелсін! Дендеріңізге саулық, істеріңізге толағай табыс тілеймін!

      Шынайы тілекпен, Гүлмира Қанай,

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz        

      Бөлісу: