Университет оқытушылары – халықаралық байқаудың жеңімпазы



    • Университет оқытушылары – халықаралық байқаудың жеңімпазы

      АЛМАТЫ. 25 қараша. Баспасөз орталығы – Университет оқытушылары халықаралық байқауда жеңімпаз атанды. «Білім және ғылым үздіктері» атты конкурста Кәсіптік білім кафедрасының аға оқытушысы Ұлжан Бегешова, Информатика және қолданбалы математика кафедрасының аға оқытушылары Ләззат Рсалина мен Назгүл Маметжанова үздік атанып, бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.

      «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен байқаудың басты мақсаты – еліміздегі білім және ғылым қызметкерлерін қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыруға ынталандыру.

      Байқауға Ұлжан Бегешова «Болашақ дизайнердің стандартты емес жағдайларда навигация қабілетін дамыту», Ләззат Рсалина «Қашықтан білім беру жағдайында FLIPGRID платформасының мүмкіндіктері», Назгүл Маметжанова «Білім беру жүйесіндегі қашықтан оқытудың артықшылықтары мен кемшіліктері» тақырыптарындағы жобаларын ұсынды.

      Мамандар тарапынан Университет оқытушыларының еңбектері жоғары бағаланып, бірінші орынға лайық деп танылды.

      Халықаралық конкурсқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жас ғалымдарының 70-тен астам еңбегі келіп түсіп, сарапқа салынды.

      Бағалау барысында жұмыстардың инновациялық жаңашылдығы, маңыздылығы мен міндеті басты назарға алынған.

      Осы орайда айта кетейік, Ұлжан Бегешованың жетекшілігімен Университет студенттері республикалық, аймақтық сән байқауларында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол оқу орны жанынан ашылған «Сән әлемі» орталығында сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды жастарға жете таныстырып, болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздеп отыр.

      – Мақсатымыз – студенттерге қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақталған эстетикалық, мәдени мұраларын терең меңгерту арқылы олардың танымдық көзқарасын қалыптастырып, қолөнерге қызығушылығын ояту. Ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерге ендіріп, соны брэндттер қалыптастырсақ деген ойдамыз, – дейді Ұлжан Бегешова.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz