«ЖОО үздік оқытушысы» байқауына үміткерлер анықталды



    • «ЖОО үздік оқытушысы» байқауына үміткерлер анықталды

      «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын тағайындау қағидасына сәйкес Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары арасында байқаудың алғашқы кезеңі аяқталды.

      Арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша 7 оқытушы республикалық конкурсқа ұсынылды.

      Олардың қатарында Жарқынбике Сүлейменова (Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры), Ғазиза Шойбекова (Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры м.а.), Роза Садықова (Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а.), Анар Қалиева (Биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а.), Гүлназ Салғараева (Информатика және қолданбалы математика кафедрасының профессоры м.а.), Бибігүл Сұлтанова (Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а.) және Болатхан Сарбасов (Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры) бар.

      Комиссия төрағасы, университеттің Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков берген ақпаратқа сүйенер болсақ, конкурсқа штаттағы профессор-оқытушылар құрамынан 20 адам ұсынылған. Оның ішінде 7 оқытушы қағидаларға сәйкес іріктеліп алынды.

      – Конкурстың екінші, яғни республикалық кезеңі желтоқсан айында өткізіліп, онда байқау жеңімпаздары анықталады. Сайыс қорытындысы бойынша атақ иегеріне арнайы куәлік пен 2 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік грант тағайындалады, – деп атап өтті Нұрғали Аршабеков.

      Атап өтетін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары оқу орнының оқытушыларын қолдау, біліктіліктерін арттыру және кәсіби тұрғыдан өсулері үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызу мақсатында арнайы конкурс ұйымдастырып, грант тағайындау идеясын ұсынған болатын.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: