Университет студенттері байқау лауреаттары атанды



    • Университет студенттері байқау лауреаттары атанды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің екі студенті «Мен жастарға сенемін!» VIII Республикалық жастар форумы аясында ұйымдастырылған байқаулардың лауреаты атанды.

      Атап айтқанда, Аяла Нұржаубекова «Sanaly urpaq» парасаттылықты дамытудағы үздік жобалар байқауында «Патриоттық тәрбие» аталымы бойынша, Ақбаян Солтан «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» студенттік эссе байқауында «Азаматтық рух» аталымы бойынша үздік деп танылды.

      Номинация иегерлері мен байқау жеңімпаздары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтетін бір апталық «Көшбасшылар мектебіне» тегін жолдама сертификаттарымен марапатталды.

      Айта кетейік, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ республикалық жастар форумын 2013 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл сәуір айынан бастау алған шара әлемдік пандемияға байланысты оның барлық кезеңдері онлайн режимде өтті. Жыл сайынғы форумға қатысушылар 6 номинация бойынша бақ сынады. Олардың қатарында «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жоба, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» үздік эссе, «Мен жастарға сенемін!» азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығарма, «Мәңгілік ел мұратым!» авторлық патриоттық әндер және «Sanaly urpaq» парасаттылық принциптерін насихаттайтын үздік жобалар байқауы бар.

      Биыл форумға қатысу үшін еліміздің барлық аймағынан 5 мыңға жуық студент тіркелді.

      Шығармашылық жобалар мен бейне презентацияларды қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, мәдениет және өнер қайраткерлері мен ғалымдардан жиналған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады.

      Нәтижесінде 302 үздік жоба соңғы турдың финалына өтті.

      Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл білім алу грантына ие болды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: