Токиодан келген профессордың дәрісі



    • Токиодан келген профессордың дәрісі

      29-наурыз күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне «Жаңа Еуразиялық қауымдастық жолында» атты қонақ дәрісімен Жапонияның «Eurasia Foundation (from Asia)» қорының өкілі болып табылатын профессор Чан Джункон келді.

                                                                                 

      Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасында жапондық «Eurasia Foundation (from Asia)» қорының «Еуразиялық қауымдастық: жаһандық білім және көшбасшылық» курсы аясында өткізілетін шетелдік және отандық профессорлардың тұрақты дәрістерін ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Университет студенттеріне арналған кезекті дәрісті қор профессоры Чан Джункон қазіргі қоғамда кейбір елдер арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас жағдайында жаңа қауымдастық құру идеясын жүзеге асыру мүмкіндіктері жайлы өткізді. Профессор өз дәрісінде өткенді өзгерту мүмкін емес болғанымен, болашағымызды өзгертуге, білім мен мәдениет арқылы жаңа қауымдастық құруға күш салу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа қауымдастық құру үшін «жеке тұлғаға тән тосқауылдар (эго)» мен «институционалдық тосқауылдар» сияқты екі кедергіні немесе «қабырғаларды» еңсеру керек екенін айтты. Дәріс барысында профессор студенттермен түрлі өмірлік мәселелерді талқылау арқылы жанды диалогқа көшіп, халықтар арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, одан әрі тереңдететін Еуразияның біртұтас білім беру және мәдени кеңістігін құру қажеттілігін атап өтті. Студенттердің болашақ қауымдастық жайлы көзқарасы туралы сұрақтарының біріне профессор келесідей жауап берді: «Иә, әлем күрт өзгерді және біз әртүрлі салалардағы өзгерістерге бейімделуіміз керек. Біз үшін ең бастысы – біліктілігі жоғары нағыз мамандарды дайындау, сондықтан білім беру – бұл іргелі білім алу процесі, қоғамның рухани мәдениетінің маңызды нысандарының бірі, ал оны дамыту – адам, қоғам және бүкіл әлемнің негізгі салаларын жаңартудың маңызды факторы».

                                                                                 

      Дәрістен кейін профессордың университет басшылығымен кездесуі өтті, оның барысында оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Жұманқұлова Еркін Нұрсағатқызы қор өкіліне осы курсты іске асыруға көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін алғысын білдірді, бұл біздің елдеріміз арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарытынын атап, сондай-ақ университеттің болашақта одан әрі нәтижелі ынтымақтастыққа дайындығын айтты, өз кезегінде, профессор Чан Джункон университет басшылығына осы дәрістер курсын ұйымдастырып, оны жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Жапон қорының курстарында оқыған студенттер ондаған жылдардан кейін өз елдерінде жоғары лауазым орындарға ие болады деп болжануда. Осылайша, білім беру арқылы адам ресурстарын дамыту жаңа ұрпақты қалыптастыруда маңызды инвестиция болып табылады.

                                                                                

      Бөлісу: