Мұқағали шығармашылығына арналған кеш өтті



    • Мұқағали шығармашылығына арналған кеш өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында «Пoэзия менімен егіз бе едің?» атты әдеби-сазды, рухани-танымдық кеш өтті.

      Филология институтының ұйымдастыруымен болған аталмыш кештің шымылдығы Мұқағалидың жалынды жыр-өлеңдерімен ашылды. Студенттеріміз М. Мақатаев хаттарынан үзінділер оқып, ақынға арнау өлеңдерін де тарту етті. Әдеби кешке арнайы шақырылған Абай атындағы ҚазҰПУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері әдемі әзілімен айтысқа түсіп, көрермен көңілін көтерді.

                                                                                   

      Танымдық кештің басты қонақтары Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының «Ділмар» шешендік өнер үйірмесінің мүшелері университетіміздің «Шешен сөз шеберханасы» үйірмесінің мүшелерімен сайысқа түсті.

      Шешендік сайысқа ақын, аудармашы, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, ҚызПУ доценті Гүлназ Тұрлыбайқызы,Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гульфайрус Ибраева қазылық жасады.

                                                                                   

      Мұқағали ақынның өмірі мен шығармашылығын арқау еткен сайыстың бас жүлдесін «Ділмар» үйірмесінің мүшесі Ақерке Ерболатқызы жеңіп алса, 1-орын университетіміздің студенті, «Шешен сөз шеберханасы» үйірмесінің мүшесі Роза Бағдарға бұйырды. 2-орынға «Ділмар» үйірмесіндегі Нұрай Серікжанқызы мен Іңкәр Медетқызы ие болды. 3-орын оқу ордамыздың шешен қыздары Кумаш Аяулым мен Назерке Қанатқалиеваға бұйырды.

      Жүлдегерлерімізге арнайы дипломдар табысталып, құнды кітаптар сыйға тартылды.

      Танымды-рухани кешті ұйымдастырып, жетекшілік еткен Филология институты директорының орынбасары Ғазиза Шойбекова аталмыш кештің мақсаты Мұқағали Мақатевтың шығармашылығын дәріптеу, Филология институтының рухани тынысын кеңейту, білім алушыларды өнерге, шығармашылыққа ынтасын ашу, көркем сөйлеуге баулу екенін атап өтті.

                                                                                   

      «Ділмар» шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі, негізін қалаушы Жарқын Сәленұлы алдағы уақытта Қыздар педагогикалық университетімен жиі шығармашылық байланыс орнатып, бірігіп жұмыс  жасау жоспарланып отырғанын жеткізді.

                                                                                   

      Бөлісу: