Ұлағатты ұстазды еске алуға арналған кеш өтті

 

АЛМАТЫ. 13 ақпан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі ғалым, профессор Рысбай Сәтімбековты еске алуға арналған кеш өтті. Жаратылыстану факультетінің ұйымдастыруымен өткен шараға оқу орнының профессор-оқытушылары, студенттері мен ғалымның шәкірттері және әріптестері қатысты.
 
Жиынды факультет деканы Қажымұқан Кішібаев ашып, ғалымның тағылымға толы өмір жолы турасында әңгіме өрбітті.
 
– Рысбай Сәтімбекұлы туралы өткен шақты айту ауыр, әрине. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған қызметтестері үшін орны толмас ауыр өкініш. Оның кісілігі, адами болмысы мен терең білімі, сөзге шешендігі, дархандығы өзгелерден ерекшелеп тұратын. Саналы ғұмырын Қыздар Университетінде ұстаздыққа арнаған Рысбай Сәтімбекұлы қарашаңырақтың қабырғасынан түлеп ұшқан талай қаракөзге сапалы білім, саналы тәрбие бере білді. Ұлы Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген ұлағатты сөзі Рысбай сияқты азаматтарға қарата айтылғандай. Өткен заманда өткен бір ғұлама ғалым: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес. Өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деп тәмсілдеген екен. Расында да ұстаз – адамды тәрбиелейтін ерекше кәсіп иесі. Шәкіртінің бойындағы ізгі қасиеттерді дамыта білетін бесаспап маман. Ұстаздықтың ұлы жолында талмай еңбек еткен адам ғана өзінің биігін бағындыра алады. Рысбай Сәтімбекұлының ғұмыр жолына қарап біз осылай бағамдаймыз, – деді Қ. Кішібаев.
 
Кеш барысында «Биология» мамандығының 3-курс студенті Әйгерім Сейілханова Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйін орындаса, 2-курс студенттері Дана Бұлханова, Аружан Қуандыққызы, Гүлбану Муталхан ұстазға арнаған жүрекжарды жырларын оқыды.
 
Сонымен қатар, География кафедрасының меңгерушісі Күләш Мамирова Р. Сәтімбековтің ғылымға қосқан сүбелі үлесі жайында кеңінен әңгімеледі.
 
Шара соңы факультет студенттері дайындаған концертке ұласты.
 
Айта кетейік, Рысбай Сәтімбеков алғаш рет жарық көрген мектеп бағдарламасының 7, 8, 9, 10, 11 сыныптарына арналған «Биология» оқулығының, «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының» және бірнеше ғылыми басылымдардың авторларының бірі. Ол жоғары оқу орындарына арналған «Адам анатомиясы», «Қазақстандағы табиғи қорықтар және биоалуантүрлілік», «Экология және Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар», мектепке арналған «Қызықты биология» атты 5 кітаптан тұратын оқу құралының авторы. 700-ден астам ғылыми-әдістемелік мақаласы қазақ, ағылшын және орыс тілінде халықаралық және республикалық ғылыми журналдарда жарық көрген.
 
Рысбай Сәтімбекұлы егемендіктің елең-алаң шағында ұлттық мереке ретінде қайта тойланған Наурыз мейрамының алғашқы жобасын дайындап, оны Қыздар Университетінің ұжымымен қоса бүкілхалықтық мереке ретінде өткізуге ұйытқы бола білді. Ол қазақ баспасөзінің беттерінде қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған көптеген мақалалар жариялап, қоғамдық көзқарас қалыптастыруға үлес қосты.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti