Қыздар университетінің командасы черлидингтен Еуразиялық-Азия чемпионатының жүлдегері атанды

 

АЛМАТЫ. 11 қараша. Media_Ortalyq – 5 қараша күні Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде черлидингтен өткен ашық Еуразиялық-Азия чемпионатында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрама командасы үшінші орынды иеленді.
 
Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің жоғары оқу орындары, би ұжымдары мен фитнес клубтары қатысып, черлидингтің «Cheer», «Cheer dance», «Cheer dance show» және «Dance fristail» түрлері бойынша өзара үздікті анықтады. Қатысушылардың жалпы саны – 250 адам.
 
Қазақстан черлидинг федерациясының ұйытқы болуымен өткен сайысқа Қырғыстан, Украина және еліміздің спорттық би ұйымдарының өкілдері қазылық жасады.
 
Индира Абдрахимова, Аружан Алпысбай, Алина Байбатырова, Регина Бикулова, Меруерт Нұрсұлтанова, Дана Оралхан, Бақыт Тоқтарбекова, Аяулым Тұрарова, Толқын Төлек және Диляра Тұрғанбаева есімді студенттерден құралған Қыздар университетінің командасы «Dance fristail» аталымы бойынша сынға түсті. Топтың жаттықтырушысы, Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының аға оқытушысы Ольга Меркельдің айтуынша, бойжеткендер жарыс жолында өз шеберліктерін толықтай паш етті.
 
– Чемпионатта университет командасы күрделі би қимылдарын көрсетіп, композицияның үздік техникасы мен әртістік қабілеттіктерінің нәтижесінде қазылар тарапынан жоғары балл алды. Еуразиялық-Азия чемпионаты – бұл жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жүрген мықты әрі тәжірибелі спортшылардың бас қосатын алаңы. Сондықтан мұндай деңгейдегі додаларға қатысу үлкен жауапкершілік жүктейді. Десе де оқу орнының өнерлі қыздары жарыста қиын әдістерді еркін орындап, ұпай санымен көптеген қарсыластарынан басым түсті, – деді О. Меркель.
 
Тартысты өткен чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды Алматы экономикалық колледжі иеленді. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің командасы екінші орынды алса, жүлделі үшінші орын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне бұйырды.
 
Черлидинг – шоу мен гимнастика қосылған топтық би түрі. XIX ғасырдың 70-жылдары АҚШ-та пайда болған аталған спорттан Қазақстандағы алғашқы фестиваль 2006 жылы Қарағандыда өтті. 2007 жылы 4 сәуірде Қазақстан черлидинг федерациясы ресми түрде тіркеліп, сол жылдың 27 шілдесінде Халықаралық және Азиялық черлидинг федерацияларына мүше боп кірді. Бүгінде черлидинг Астана, Орал, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында қарқынды түрде дамып келе жатыр. Мәселен, бір ғана оңтүстік астананың өзінде онымен айналысатын 64 команда бар.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti